ШҚО-да 127 елді мекен сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан
2021 жылғы 2 тамыз 20:14

ШҚО-да 127 елді мекен сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында алғашқы сейсмодатчиктерді орнату жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы сейсмикалық аймаққа жатады. Мұнда жыл сайын 2-ден 6 балға дейін жер сілкінісі болып тұрады. Соңғы 10 жылда өңір аумағында 20-дан астам жер сілкінісі тіркелген. Құрбан болғандар мен қираған ғимараттар жоқ.

Облыстағы 17 ауданда (Өскемен, Риддер, Семей қалалары, Алтай, Аягөз, Абай, Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонаиха, Жарма аудандары) 127 сейсмикалық қауіпті елді мекен орналасқан. Қауіпсіздік мақсатында жыл сайын Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырыстарында сейсмика саласындағы мәселелер көтеріледі.

«Департамент мамандарының көмегімен Сейсмология институты 2020-2023 жылдарға арналған «Қазақстанның облыстары мен қалалары аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін қазіргі заманғы ғылыми-әдістемелік негізде бағалау» атты бағдарлама құрған болатын. Осы бағдарлама шеңберінде ел өңірлері үшін, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында сейсмикалық аудандар картасын әзірлеу көзделген.

Осыған байланысты мамандарымыз «Сейсмология институты» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысында кең жолақты сейсмодатчиктерді бақылайтын 5 станция орны анықталды. Сейсмодатчик – бұл жер қозғалысын өлшенетін электронды сигналға айналдырып, сол арқылы тербелістерді өлшеу үшін қолданылатын құрылғы», - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT