ШҚО-да 116 жағажайда шомылуға тыйым салынған

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 116 жағажайда шомылуға тыйым салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде алдағы аптада ауа температурасының күрт ысуына байланысты өзен-көл жағалауларында демалушылар көбейеді. Оның ішінде суға түсуге рұқсат етілмеген орындарға баратындар аз емес.

Соның салдарынан жазатайым оқиғалар болып жатады. Өткен шомылу маусымында су айдындарына 35 адам батып кетті. 2022 жылдың басынан бастап 3 адам суға кеткен.

«Қазіргі уақытта облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, 116 жағажайда шомылуға тыйым салынған. Сол жерлерге 157 тыйым салу белгісі орнатылды. Бұл учаскелерде судың ағыны қатты, түбі тексерілмеген және жақын жерде құтқарушылар мен дәрігерлер бекеттері жоқ», - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар құтқарушылар жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері және еріктілермен бірігіп, патрульдеуге шығады. Өткен аптада 170-тен астам профилактикалық рейд жүргізілген.


Соңғы жаңалықтар