ШҚО-да 116 жағажайда шомылуға тыйым салынды
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде тыйым салынған шомылу орындарының тізімі белгіленді.
«Күн жылынған сайын өзен-көл жағалауларында демалушылар саны артып келеді. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда суға шомылу маусымында 35 адам суға батқан. Барлық жазатайым оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында болды. Биыл облыстық мәслихатының шешімімен 116 жағажайда шомылуға тыйым салынып отыр», - делінген ақпаратта.
Бұл жерлерге тыйым салу белгілері орнатылған. Мұндай қауіпті су айдындарының ағыны қатты, түбін сүңгуірлер тексермеген. Сондықтан өзендерде адам денсаулығына қауіп төндіретін тастар, арматуралар және тереңдігі төрт және одан да көп метрге жететін шұңқырлар болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда бір де бір жағажай шомылу маусымына дайын емес екендігін хабарлаған едік.