ШҚО-да 100 жылдық тарихы бар май зауыты қалдықсыз өндіріске қалай көшті

None
None
ӨСКЕМЕН-НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде өсімдік майын өндіру бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Биылғы көрсеткіштер бойынша өңірде күнбағыстың егіс алқабы 40 мың гектарға ұлғайған және майлы дақылдар өңдейтін жаңа зауыттар салу жоспарланған. Осы орайда БАҚ өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауармен ішкі нарықтың 35 пайызын қамтамасыз етіп отырған «Май» АҚ жұмысымен танысқан еді.

Зауыт іргетасы 1922 жылы Заульбинка ауылында қаланған еді. Кейіннен бұл нысан «№1 Май зауыты» деп аталды. 1931 жылдан 1938 жылға дейін Өскемен қалалық атқару комитетінің шешіміне сәйкес, қаладағы Верхняя Пристань орнында Май өндіру зауыты салынды және дәл осы зауыт күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр.

Шикізат пен дайын өнім арасы – 48 сағат

«Әрине біздің зауытымыз 100 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді және Қазақстандағы ең ірі, ең жаңа технологияларға бейімделген болып саналады. Бізде ғана күнбағыс дәнінен өсімдік майын алып, қоймаға жөнелту процесі 48 сағаттан аспайды. Бұл майдың тотығуына, оттегі еніп, қышқылдануына жол бермейді. Осылайша біз жоғары сапалы өнім аламыз. Шикізатқа келсек, барлық күнбағыс дәндерін өз облысымыздағы шаруалардан сатып аламыз. Ол үшін жыл басында шаруаларға қаржылай көмек көрсетіп, келісімшарт бекітеміз және күз келгенде бір жылға жетерлік шикізат жинап аламыз», - деді «Май» АҚ атқарушы директоры Татьяна Костина тілшілерге берген сұхбатында.

Зауыт тәулігіне 300 тонна дәнді өңдейді және 130 тонна май алады. Тиісінше, 1 литр сұйық май өндіру үшін шамамен 2,5 келі пісте қажет. Қазіргі таңда өндірісте 600-ге жуық адам жұмыс істейді және «№1 Маслозавод», «Забота», «Майское», «Кудесница» тауарларын шығарады.

«Қазір өсімдік майының сыртқы экспортына уақытша тыйым салынған. Көршілес елдерден, атап айтқанда Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен сұраныс көп түседі. Бірақ біздің басым бағытымыз – өзіміздің ішкі нарығымыз болып қала береді. Шамамен біз Қазақстан нарығының 35 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Әрине, жаңа зауыттар көптеп салынып жатыр, бәсекелестіктен қорқу керек. Ол үшін үнемі өндірісті жетілдіріп, зауытты жаңғырту қажет. Жақында ғана Сбербанкпен бірлесіп, инвестиялық жобаларға 800 мың еуро несиелік қаражат тарттық. Планетаны экологиялық қорғау шаралары аясында май құю желісін жаңарттық, қалдықсыз өндіріске қол жеткізу үшін майларды химиялық ыдырату желісін сатып алдық. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттің кәсіпорындарды реконструкциялауға субсидия бөлуінің және Сбербанктің инвестициялауының арқасында жүргізілді», - дейді Татьяна Костина.

Күнбағыс майы қалай өндіріледі

Сонымен бірге, «Май» АҚ бас инженері Азамат Мадияров күнбағыс дәнінен май алу процесі қалай жүргізілетінін кезең-кезеңімен түсіндірді.

«Біздің өнім экологиялық таза, еш қоспа қосылмайды, тек қана күнбағыспен жұмыс істейміз. Зауыттағы бүкіл процесс автоматтандырылған, сондықтан адами фактор барынша азайтылған. Барлық жабдықтар Еуропадан жеткізілген, ол технологиялардың қатаң сақталуына мүмкіндік береді.

Ең алдымен жыл басында күнбағыс егетін шаруаларға демеушілік көрсетеміз және күзде келісімшартпен өнім аламыз. Шикізат алқаптардан жиналып, өз көлігімізбен қоймамызға жеткізіледі және қажетті ылғалдылыққа дейін кептіріледі. Ол үшін қуатты элеваторымыз бен кептіргіш жабдықтарымыз бар. Шикізатты алқаптан таситын жүк көліктеріміз және темір жол рельсіміз де бар», - деді бас инженер.

Бірінші кезеңде зауытқа түскен дәндер қабығынан тазартылады. Ол үшін дән тазалау бойынша әлемге танымал Bühler компаниясының желісі орнатылған. Бұл жабдық дәнді қабығынан 90%-ға дейін тазартуға мүмкіндік береді.

«Сол жабдық көмегімен қабығынан тазартылған дән қажетті температураға дейін – 95-100 градуста қыздырылады. Қыздырылған пісте дәні пресске жіберіледі. Біздің зауыттағы пресс жабдығы тәулігіне 450 тонна дәнді қабылдай алады. Одан кейінгі кезеңде прессте ажыратылған май механикалық тазалаудан өтеді. Үлкен қысым әсерінен арнайы сүзгілерден өтіп, әрі қарай терең тазалау цехына барады. Онда будың көмегімен дезодорация, рафинация процестері жүреді және таза өнім шығады. Өнім алудың әр кезеңдерінде өзіміздің сертифкатталған зертханамыз бен білікті мамандарымыз жиі сынама алып, тексеру жүргізіп, технологияның бұзылмауын бақылап отырады. Дайын май бөтелкелерге құйылып, тауарлық маркасы жабыстырылып, қорап-қорабымен тауар қоймайсына жөнелтіледі. Осы процестің барлығы 48 сағатта жүргізілуі тиіс», - деп түсіндірді А. Мадияров.

Күнбағыс қалдығынан не жасалады

Зауыт мамандарының айтуынша, тазалау кезеңдерінде өсімдік майынан бірқатар табиғи қоспа ажыратылады. Бұрындары бұл қоспалар қоқыс ретінде күресінге тасталса, қазір косметология мен сабын бұйымдары үшін қышқыл майлары бөлініп алынады.

«Май тазалау барысында жанама өнім шығады, ол «соапсток» деп аталады. 2019-2020 жылдары «Қалдықсыз өндіріс» экологиялық бағдарламасы бойынша сол жанама өнімді ыдырату цехын жаңарттық. Осылайша қышқыл май шығарылады. Қышқыл май косметология және сабын-жуғыш заттар өндірісінде көп қолданылады. Оған сұраныс өте үлкен. Қышқыл майлар экспортына тыйым салынбағандықтан, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерге жіберіледі. Ал майы сығылған дән қалдығы күнжара деп аталады. Оның құрамында пайдалы дәрумендер болғандықтан, пісте қабығы мен күнжара мал азығы ретінде шаруаларға, құс фабрикаларына сатылады. Осылайша, алқаптан жиналған күнбағыс дәнінен таза өсімдік майы еш қалдықсыз өндіріледі», - деді зауыттың бас инженері.

Сонымен бірге, май зауыты Шығыс Қазақстан облысы экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Бұған балалар хоккей командасына, аз қамтылған азаматтар мен жетім балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмек айқын мысал бола алады. Сонымен қатар, кәсіпорын жыл сайын көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырады.



Соңғы жаңалықтар