ШҚО-да 10 мыңға жуық бала биыл бірінші сыныпқа барады

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы оқу жылында 10 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын бірінші рет аттағалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай өңірі бөлініп шыққаннан кейін Шығыс Қазақстан облысына қарасты 342 мектеп қалды. Алдағы жаңа оқу жылында білім ордалары 95 138 оқушыға есіктерін айқара ашпақ. Оның ішінде 9 728 бала мектеп партасына бірінші рет отырады.

«Облыста алдағы оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр. Білім беру ұйымдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 1 млрд теңге бөлінген. Модификация кабинеттері жаңартылуда, оның ішінде биыл өңірдің 17 мектебіне 129,6 млн теңгеге 22 кабинет жабдықталған. Риддер, Шемонаиха қалаларында, Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде, Күршім ауданындағы Урунхайка және Жолнұсқау ауылдарында жаңа мектептер салынуда», - дейді ШҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбекқызы.

Оның айтуынша, оқу жылы басталғанға дейін балалар барлық оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

«Өңірде дарынды балаларға арналған 6 мамандандырылған мектеп бар. Оқушыларды қабылдау ҚР Оқу-ағарту министрлігі өткізетін емтихандар қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта осы мектептерге әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларын қабылдау жүргізілуде. Ниет білдіргендер құжаттарды 23 тамызға дейін тапсыра алады», - деді Алима Ақылбекқызы.


Соңғы жаңалықтар