ШҚО ауруханасындағы жағдайдың нашарлығы туралы видеоға түсініктеме берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде Өскемендегі медициналық мекемелердің бірінде коронавирус жұқтырған науқастардың қалай емделіп жатқандығы туралы түсірілген видео тараған болатын. Аурухананың бас дәрігері бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 қазанда науқастар бұрынғы №2 перзентхананың ғимаратында емделген. Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбековтың айтуынша, кеше осы бөлімшедегі жұқпалы дертке шалдыққан науқастардың саны 89 адамды құрады. Сондықтан Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп Ана мен бала орталығының базасында қосымша 300 төсек ашып, пациенттерді жаңа бөлімшеге ауыстыру туралы шешім қабылданған.

«Бүгін барлық науқастар осында орналастырылды. Бұл ғимаратта тек үш реанимациялық науқас қалды, олар өкпені жасанды желдету аппараттарында жатыр. Біз олардың өміріне қауіп төндірмес үшін сол жерде қалдырдық. Осы пациенттердің жағдайы тұрақтанған соң Ана мен бала орталығы ғимаратына ауыстырылады», - дейді Е.Омарбеков.


Өз сөзінде ол ғимарат науқастарды қабылдауға дайын емес деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бейнежазбада жас жігіт сынған дәретхананы әр қырынан түсіргенде бөлімшедегі барлық дәретханалар осы күйде екендей әсер қалады. Сол қабатта тағы да 6 санитарлық торап бар. Біз пациенттерге бір дәретхана жұмыс істемейтінін ескерттік. Сондай-ақ, видеода бос төсектер тұрған палата көрсетілген. Бұл пациенттердің ешқайсысы емделмейтін резервтік палата», - деді Ана мен бала орталығының директоры.

Оның айтуынша, медициналық мекемеде 60-тан астам адам жұмыс істейді. Барлық дәрі-дәрмектер жеткілікті.

Сонымен қатар, орталықта 33 өкпені жасанды желдету аппараты мен 23 оттегі концентраты бар.


Соңғы жаңалықтар