ШҚО ауданында 182 кәсіпкерге асыл тұқымды мал өсіру үшін субсидия берілді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 182 кәсіпкерге асыл тұқымды мал өсіру үшін субсидия берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зайсан ауданында биыл бірқатар маңызды салада өсім байқалып отыр.

Іске асырылып жатқан барлық жобаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту.

Бұл туралы аудан әкімі Дулат Қажанов «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Зайсан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

«Өнеркәсіп – аудан экономикасындағы негізгі салалардың бірі. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінде 890 млн теңгенің өнімі шығарылды. Атап айтқанда, 19,8 тонна көмір, 14,2 тонна бетон және құрылысқа қажетті бетон өнімдері, 34 тонна өңделген сүт, 500 тонна ұн, 418 тонна нан өнімдері өндірілді», - дейді ол.

Дулат Қажановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы да дамып жатыр. Биыл осы салаға 341 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған.

«Ауданда мал саны артып келеді. Нақты айтқанда, ірі қара 98 807, жылқы 43 725, қой-ешкі 105 625 басқа жетті. Асыл тұқымды мал өсіру және санын көбейту мақсатында мемлекеттен субсидия алуға 209 кәсіпкер құжаттарын тапсырған болатын. Оның ішінде 182 адамға субсидия берілді», - дейді аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар