ШҚО әкімі жемісті еңбек еткен әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов спорт, мәдениет, ғылым мен білім, медицина және басқа да салаларда жемісті еңбек етіп жүрген әйелдерді келе жатқан мерекесімен құттықтап, естелік сыйлықтар, алғыс хаттар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрлі мерекелік кездесу барысында аймақ басшысы нәзік жандыларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жылы лебізін жолдады.

«Әлемнің жарығын сыйлаған Ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің тамыры. Сіздер бұл дүниені сұлулықпен толтырып, нәзіктікпен жылытасыздар. Қызметте, отбасында баршамызды қамқорлық пен шапағатқа бөлеп, ізгілік нұрын шашасыздар. Отбасының шуағы болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Сіздер тәуелсіз еліміздің дамуы мен гүлденуіне сүбелі үлес қосып келесіздер», - деді Даниал Ахметов.


Шара барысында облыс әкімі Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан көп жылғы адал еңбек етіп келе жатқан дәрігерлерге, спортшыларға, мұғалімдерге, журналистер мен көпбалалы аналарға ШҚО әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хаттары табыс етілді.

«Отбасының ұйытқысы болуымызға біздің ер азаматтарымыздың үлкен қолдауы мен қорған болуы күш береді. Осы кездесуді пайдалана отырып, еліміздің, облысымыздың білім беру саласында, әсіресе жастар мен балаларға жасалып жатқан жұмыстарға ана ретінде ризашылығымды білдіргім келеді. Менің балам спорт үйірмелеріне тегін барады. Қазіргі күні төртінші тілді мемлекет қолдауының арқасында еш ақысыз меңгеріп жатыр. Ел ертеңі - бүгінгі ұрпаққа жасалған қамқорлықты нағыз табысты іс деп білемін», - деді «Ұлағат» ҚБ жетекшісі Аяужан Әшімова.


Соңғы жаңалықтар