ШҚО әкімі Семейдегі ардагерлермен кездесті

None
None
CЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейдегі ардагерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіс күні қарсаңында өңір басшысы Семей қаласына келіп, соғыс ардагерлерінің үйлерін аралап, мерекемен құттықтады.

Даниал Ахметов брінші Рашида Хасанованы құттықтады. Ол 1932 жылы 14 наурызда дүниеге келген. Сегізінші сыныпты аяқтаған соң кітапханашы болып жұмыс істеген.

Екі жылдық мұғалімдер институтын аяқтағаннан кейін сол уақыттағы Жаңасемей ауданының Бұлақ ауылына жолдама алды.

Содан кейін педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға қабылданған.

Институтты аяқтаған соң Түрксіб мектебіне оқу ісінің меңгерушісі лауазымына жолданды.

Сегізжылдық мектепте директор лауазымында жұмыс атқарды. 1973-1988 жылдары мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтын басқарды.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, облыс және қала әкімдерінің грамоталарымен, «КСРО білім беру ісінің үздігі», «Ұлы Отан соғысының ардагері» төсбелгілерімен марапатталған.

Содан кейін облыс әкімі 97 жастағы соғыс ардагері Матвей Юрченконың үйіне барып, ізгі тілегін білдірді.

Матвей Юрченко 1925 жылы 20 тамызда дүниеге келген. 1943 жылдың 8 наурызында Красноярск өлкесінің Минусинский аудандық әскери комиссариатымен әскер қатарына шақыртылған.

1943-1945 жылдары 229 атқыштар полкі қатарында Екінші Украина майданында шайқасқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Бұдан бөлек, ШҚО әкімі Жеңіс күнімен 96 жастағы соғыс ардагері Асқар Рахымбаевты құттықтады.

Ол 1941 жылы Ақсуат аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылған. 378 әскери бөлімнің қатарында Шығыс майданында шайқасқан.

Румынияны, Брашева және Мишельді фашистік Германиядан азат етуге қатысқан.

Жауынгерлік ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Ардагердің 10 бала, 27 немере, 43 шөбере, 2 шөпшегі бар.

Облыс басшысы соғыс ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі және бір жарым миллион теңгенің сертификатын, тұрмыстық техника және азық-түлік кәрзеңкесін табыстады.


Соңғы жаңалықтар