ШҚО әкімдігі Алакөлдің 60 гектары құрғатылатынын жоққа шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі Алакөлдің бір бөлігі құрғатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әңгіме Facebook-тегі Дәулет Асанов есімді қолданушының жазбасынан туындаған. Әкімдік өкілдері жазба авторы Су ресурстары комитетінен шындыққа сәйкеспейтін жауап алғандықтан, әлеуметтік желіге жалған ақпарат жариялаған деп отыр.

«Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Алакөл жағалауын дамыту жоспары бекітілген. Жоспар бойынша құрылыстың жаңа аймағын қалыптастыру үшін 60 га жер учаскесін игеру жоспарланып отыр. Оның 23,7 гектары сазды, батпақты болғандықтан құрғату жұмыстары жүргізіледі. Ерекше айтатын бір жайт, жобадағы құрғатуға жататын жер телімі мен көлдің арасы 200 метрден асады. Яғни, көлдің 60 гектары құрғатылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды» - деп жазылған ресми ақпаратта.

Әкімдік берген мәлімет бойынша, эколог Дәулет Асанов облыстық әкімдікте жауапты органдармен кездесіп, Су ресурстары комитетінен алған жауабы қате екеніне көз жеткізген.

«Жобаның бастапқыда ойлағанымнан мүлдем өзгеше екеніне көз жеткіздім. Яғни, оның суға еш қатысы жоқ. Біз жоба материалын қарадық, жобалық шешімдерді көрдік. Бұл ретте Су ресурстары жөніндегі комитет тарапынан, айталық, шындыққа онша жақын емес ақпарат бергені белгілі болды. Бұл жерде көлдің өзін емес, жағалау бөлігін құрғату мәселесі қаралып отыр. Әкімдік маған бүкіл жобаны зерттеуге беруге уәде берді, мен оған ризамын. Бүгін біз бұл учаскенің су қорғау белдеуінен тыс жерде орналасқанын көрдік. Белгілерді қарадық, көлге қатысты учаскені 4 метрге көтеру жоспарланып отырғанын естідік. Бұл деген, комитет тарапынан ұсынылған жобадан мүлдем бөлек», - деп отыр Дәулет Асанов.

Алакөлдің Шығыс Қазақстандағы бөлігінде туристік нысандардың инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай ету үшін соңғы бірнеше жылда кешенді жобалар іске асырылып жатыр. «ШҚО Үржар ауданы Алакөл көлінің жағалауына су бұру каналын салу арқылы жерді құрғату» жобасы – cоның бірі. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен көрінеді. 2020 жылдың 28 қыркүйегінде мемлекеттік сараптаманың №06-0238/20 оң қорытындысын да алған екен. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, осы жоба бойынша 2019 жылдың 27 қыркүйегінде Қабанбай ауылында қоғамдық тыңдау да өткізілген. Яғни, ҚР Су кодексінің 125-бабының талаптары бұзылмаған деп отыр.

«Жобаланып отырған құрғату учаскесі облыс әкімінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 466 қаулысымен белгіленген. Құрғатылатын аумақ су қорғау аймағы шегінде және одан тыс орналасқан. Демек, ҚР Су кодексінің 125-бабы бұзылмаған. Алакөлдің өзін құрғату мүмкін емес, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.

Оның бұл сөзін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әсет Сүлейменов те растады.

«Алакөлді ешкім құрғатқалы жатқан жоқ. Жағалауында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, белгіленген учаскеде көптеген бұлақтар бар. Олардың нақты бағыты жоқ. Салдарынан 23,7 га аумағы саз бен батпаққа айналған. Мұны жергілікті тұрғындар да, жақын маңдағы демалыс орталықтары да жақсы біледі. Соның кесірінен ол жерге олар демалыс базаларын, тіпті қарапайым ойын алаңдарын да сала алмай отыр. Осыған байланысты, 2019 жылы Үржар ауданының әкімдігі жоба әзірлеп, оны мемлекеттік сараптамадан өткізіп, оң қорытындысын алды. Тиісті қоғамдық тыңдаулар да өтті», - дейді Әсет Сүлейменов.

Қызу пірікіталас туғызған жоба 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде батпақты аймақты тегістеу үшін 351,50 метр белгісіне дейін қиыршық тасты шөгінділерділер төгіледі. Екінші кезеңде осы аумаққа қиыршықтас-құм шөгінділерінің дренаждық қабаты құйылады. Үшінші кезеңде құрғату учаскесі топырақпен толтырылып, түпкілікті тегістеу жүргізіледі.

«Өңделетін топырақтың жалпы көлемі 578 123 текше метрді құрайды. Топырақты тасымалдайтын жүк көліктері уақытша жолдар арқылы қатынайтын болады. Жобада ол жолдарды салу және күтіп ұстау жағы да қарастырылған. Құрғатылған учаскеге іргелес аумақтан өзен-бұлақтарды бұру үшін каналдар қазылады», - дейді әкімдік өкілдері.


Соңғы жаңалықтар