ШҚО Абай ауданында тамызда Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы аталып өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айының 25-ші жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толуына орай ауқымды шаралар легі өтеді. Шара аясында Құнанбай қажының ескерткіші ашылып, «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің 45 жылдығы тойланады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мұхтар Әуезовтың туған күні қыркүйек айында болғанымен, Абай ауданының әкімдігі шараны бір ай бұрын өткізуді жоспарлап отыр. Жазушының мерейтойына тұспа-тұс бір кездері одаққа танылған «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің құрылғанына биыл 45 жыл толған. Кеңестік кезеңде Мәскеуге дейін барып, Чехословакия елдерінде танылған ансамбль қазір де жыл сайын Қазақстанның ірі қалаларында концерт өткізіп жүр. Атақ-абыройы асқақтаған өнер ұжымы турасында бұрын «Қалада - Досмұқасан, Ауылда - Қаламқас» деген де сөз қалған екен.

Мерейтойға тұспа-тұс Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында қыркүйек айына дейін Құнанбай қажыға ескерткіш орнатылмақ. Ескерткіш идеясының авторы Ардақ Белібаев осы мақсатта арнайы Қор құрған. Мүсіннің биіктігі - 4, ені - 2 метр болады. Мүсіннің негізгі қалыбы Алматыда темірден жасалып, ескерткіш соғылатын мыс Балқаш қаласынан әкелінген. Өткен жылы режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көрермен қауымға жол тартқаннан кейін жергілікті халық қажыға ескерткіш орнату бастамасын көтерген.

«Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 толуына орай, еліміздің ірі шаһарларының белді ақын-жазушыларын шақыруды жоспарлап отырмыз. Шара аясында ауқымды деңгейде аламан бәйге өтеді. «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі жиналған жұртшылықты өнеріне тәнті ететін болады», - деп хабарлайды Абай ауданының әкімдігінен.

Соңғы жаңалықтар