ШИПИН ОМАР

None
None
Шипин Омар (1879-1963) - ақын, Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, көтеріліс жаршысы, Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің бірі. Қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында туған.

Омардың әкесі Шымболат Ыбырай Алтынсаринге атқосшы болған. Халықтың өлең-жырларын, дастандарын көп білген, домбыра тартып, ән салған, құстың, аңдардың дауыстарын айнытпай сала білетін кісі болған екен. Ата-анасынан жастай айырылып, көптеген қиындықтарды басынан өткізген бала Омар төзімділік пен шыдамдылықтың, зеректік пен жігерліктің арқасында қиындықтарды жеңе білген. Өсе келе өз бетінше арабша хат таниды. Жас жігіт әділдікті, бостандықты аңсап жыр жолдарына қосады.

1909 жылы Омар Шипин отыз жасында Амангелді Имановпен танысады. Бұл туралы ақын кейін өзінің бір өлеңінде «Отызда Имановты іздеп таптым» деп еске алады. 1916 жылы патшаның бұратана халықтарды майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына қарсы көтерілген сарбаздардың қатарына қосылады. Омардың ақындығына, зейіндігіне, сауаттылығына, ризашылық білдірген Амангелді Иманов оны Қайдауыл болысындағы ауылдардың біріне бала оқытуға орналастырады.

Ақын бес жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарған. Халықтың тарихын, даналық, шешендік сөздерін, өлең-термелер мен батырлық дастандарын жатқа білетін. Сол жылдары шығарған «Арман», «1916 жылы», «Амангелдінің айбаты», «Торғай соғысы» толғауларын халықтың патша өкіметіне қарсы күресіне арнаған. Торғай даласына, одан сыртық жерлерге де «Сарбаз ақын» атанып, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысып, азаматтық жаршысы болған ол 1917 жылы болған саяси оқиғаларға арнап «Патша тақтан түскенде», «Октябрь нұры», «Ақын үні» сияқты тағы басқа жырларын шығарған.

30-40 жылдары ақын бірнеше рет ақындар сайысына қатысып, заманды мадақтап, жаңа өмірді нығайтуға шақырған жырлары мерзімді баспасөзден үнемі жарияланып тұрған.

Омар Шипин 1934 жылы Қазақ КСР-інің астанасы Алматы қаласында өткен Бүкілқазақстандық бірінші халық шығармашылығы олимпиадасына қатысқан. Сол күндері алғашқы Қазақстан Жазушыларының съезі өтіп, олимпиадаға қатысушылар съезге құрметті қонақ болып қатысқан.

Ақын 1942 жылы «Амангелді батыр» деген дастанын жеке кітапша етіп бастырған. Зердесіне халықтың асыл сөздерін дарытқан ақын Амангелді батырдың тұлғасын былай деп жырлайды:

Батырдың туғанна түрі бөлек,

Шүйделі бас, формы дөп-дөңгелек,

Сүйріктей судан шыққан екі қолы,

Буынның саусағында белгісі жоқ.

Тұтасқан екі қастың аралығы,

Бесіктей бұлшық еті, жұмыр білек.

1943 жылдың жазында Қостанай облысының еңбекшілерінің сәлемдемелерін апарған делегация құрамында Ленинград майданына барып, жауынгерлер алдында «Майдан жолында» жырын толғаған. Ақын заман тынысын әрқашан жіті қадағалап, замандастарының тамырын сергек басып, жүрек соғысын қапысыз тыңдап отыратын. Күнделікті саясатты, алда тұрған шаруашылық міндеттерді өлеңмен түсіндіруге келгенде таптырмайтын үгітшілік қызмет атқаратын. Ауылда тұратын малшылар мен диқандар тынысын, олардың көңіл-күйін жақсы білетін ақын тыңдаушылары мен оқырмандарының жүрегіне тура жол табатын. Оның өлеңдерінің бір бөлігі - маусымдық шаруашылық жұмыстарды кезінде тиянақты бастауға, сапалы тындыруға шақырған нақты үгіт-өлең, ауылдастарына әкелік ақыл боп келетін. Отан қорғау, бейбітшілік, тың игеру тақырыбына талантты жырларымен үн қосып, дастандарында қазақ халқының өткендеріндегі күрделі тағдырын суреттеген.

Омар Шипин «Торғай атырабында», «Өмір өрнегі», «Туған жер», «Жеткіншек», «Халық атынан», «Тың үстіндегі ту», «Тыңдамалы шығармалар», «Екі дастан», «Дастандар» кітаптары мен «Масаты қыз», «Қойшы Күлен», «Жеткіншек», «Сыбызғы үні», «Әли дастан», «Ыбырай» атты дастандарының авторы. Халық ақыны КСРО Жазушылар одағының мүшесі, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

1961 жылы 8 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Омар Шипинге Халық ақыны атағы берілген.

«Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қостанай қаласында Омар Шипин атындағы көше бар. Ақынның 130 жылдық мерей тойы Қостанай қаласының 130 жылдығы мерекесімен қатар келіп кеңінен атап өтілді.

Халық ақыны Омар Шипиннің кітаптары, дастандары, шығармалары Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорында сақтаулы.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том.

Соңғы жаңалықтар