Шипажайда демалушылар пандустың жоқтығына шағымданды - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының «Текелі» шипажайында демалушылар ғимараттың ішінде мүлдем пандустың жоқтығына шағымданды. Ал бұл жерге көбіне мемлекет тарапынан берілген арнайы жолдамамен мүмкіндігі шектеулі жандар келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл ауданының тұрғыны Ерген Баймағанбетұлы 4 жастағы ұлымен осы шипажайда ем алып жатқандардың бірі. Ол өздігінен жүре алмайтын ұлы екеуіне шипажай қызметкерлері екінші қабаттан бөлме бергенін айтады.  Қазір Ерген ұлын күніне бірнеше мәрте екінші қабаттан бірінші қабатқа түсіріп, көтеріп  шаршағанын, бірақ ұлы үшін амалдын жоқтығынан шыдап жүргенін жеткізді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ойламаған. Адамның жанына батады. Мен жарайды, қараңызшы мына жерде әйел адамдар бар. Олар  12-13 жастағы балаларын екінші, үшінші қабатқа көтереді. Өте қиын жағдай. Тағы бір мәселе, бұл жерде балалардың арбасы мүлдем жоқ екен. Бізге мемлекет  тарапынан жолдама берілгендіктен, сол жақта мүгедектер арбасы бар деп ойлап қалдым. Өкінішке орай, тек мына балалар арбасы ғана бар. Оның  өзі біреу ғана. Осы арбаға қазір баламды салып алып, көтеріп, тасып жүрмін», -дейді Ерген Баймағанбетұлы.

Ал «Текелі» шипажайының  бас дәрігері Олег Кан  пандус мәселесі 10 күннің ішінде шешіледі деп сендірді.  Сондай-ақ ол арбамен қозғалатын жандарға 6 орын  бірінші қабаттан қарастырылғанын  жеткізді. Сөзінше,  Алакөл ауданынан мүмкіндігі шектеулі баласымен келген әкеге ол жерден орын жетпей қалыпты. Ал қазір бұл шипажайда 96 адам ем алуда. Басым бөлігі,  мемлекет тарапынан берілген арнайы жолдамамен келген мүмкіндігі шектеулі жандар.

null

Соңғы жаңалықтар