Шілдеден бастап ең арзан темекі 710 теңге болады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Бөлшек саудадағы темекінің шекті бағасын белгілеу туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:

- 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 710 теңге;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленсін», - деп жазылған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қол қойған құжатта.

Айта кетейік, қазір темекінің бөлшек саудадағы ең төменгі құны - 650 теңге. Ал, келер айдан бастап бұл сома 60 теңгеге қымбаттайды.

Ведомствоның түсіндірмесіне сай, темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасының өсуіне мыналар себеп:

- 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесі 14%-ға көтерілді;

- импортталатын шикізат пен материалдардың құны орта есеппен 20%-ға өсті;

- темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасы едәуір күрделенді;

- 2022 жылы инфляция 20,3% құрады.

Тиісті бұйрық 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар