Шілде айында теңге 1,5%-ға әлсіреді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шілде айында теңгенің долларға қатысты бағамы 477,07 теңгеге дейін – 1,5%-ға әлсіреді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңгенің айырбастау бағамына, дамушы нарықтардың валюталарына жасалған қысым АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатының белсенді түрде күшеюіне және доллар бағамының жаһандық нығаюына ықпал етті. Әлемдік экономиканың перспективасына қатысты алаңдаушылық кезінде мұнай бағасын белгілеу барреліне 100 доллардан төмен түсті», - деді Ақылжан Баймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, ішкі факторлар арасында демалыс кезеңі мен дивидендтер төлеу жаз айларында шетел валютасына сұраныстың маусымдық өсуіне ықпал еткен.

«Биылғы қаңтар-шілде айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату және ҚР Ұлттық банкінің валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсеткен. Әлемнің жетекші орталық банктерінің мөлшерлемелерді белсенді түрде арттыруына және әлемдік экономика перспективаларына қатысты қауіптер дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің құбылмалылық факторлары болып отыр», - деп түсіндірді А. Баймағамбетов.

Айта кетейік, биылғы шілдеде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті, оған азық-түлік бағасының көтерілуі ең көп үлес қосты.


Соңғы жаңалықтар