Шілде айында ШЫҰ елдерінің президенттері Нью-Делиде бас қосады

None
ПАНАДЖИ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) кезекті отырысына қатысты. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР СІМ-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесудің күн тәртібінде 2023 жылғы шілдеде Нью-Делиде өтетін ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері басты назарда болды. Саммитте көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективаларын қарастыру, қазіргі кезеңде ШЫҰ қызметін кеңейту жөніндегі басымдықтар мен практикалық шараларды айқындау жоспарлануда.

М. Нұртілеу ұйымның әлеуетін одан әрі нығайту және іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудегі Үндістанның төрағалығына жоғары баға берді. ШЫҰ алдында үйлесімді өңірлік кооперация және үйлестірілген тәсілдер арқылы қарқынды өзгеріп жатқан әлемдік ахуалға ден қоюдың тиімді тәсілдерін табу жөнінде маңызды стратегиялық міндет тұрғанын атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымның қызметін жетілдіру процесін ілгерілету бойынша басталған практикалық қадамдар туралы пікір алмасу болды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Дели декларациясы саммитінің негізгі қорытынды құжатының жобасын қарады. Әріптестік ұйымдар шеңберін кеңейту, сондай-ақ саясат, қауіпсіздік, экономика және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін көздейтін шешімдер мен құжаттарды пысықтау барысын талқылады.

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Үндістанның сыртқысаясат ведомствосының басшысы Субраманьям Джайшанкармен келіссөз жүргізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млрд АҚШ долларына жеткен екі жақты сауда айналымның жағымды қарқыны қанағаттанушылықпен аталып өтті.

Министр М. Нұртілеу сауда-экономикалық қатынасты кеңейту мен әртараптандыру, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын ерекше атады.

Үндістанның сыртқысаяси ведомствосының басшысы С. Джайшанкар көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдіре отырып, екі жақты қарым-қатынасты дамыту үшін күш жігер жұмсайтынын айтып кетті.

Сонымен қатар дипломаттар халықаралық күн тәртібінің мәселелері бойынша пікір алмасып, БҰҰ, ШЫҰ, ӘӨСШК, «Орталық Азия Үндістан» диалогын қоса алғанда көпжақты құрылымдар шеңберінде екі елдің жағымды ынтымақтастығын атап өтті. Аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін талқылауға ерекше назар аударылды.

Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен де келіссөздер өткізіп, ынтымақтас тық мәселелерін талқылады.Оған қоса М. Нұртілеу ШЫҰ-дағы көпжоспарлы ынтымақтастықты ілгерілетудегі Хатшылықтың маңызды рөлін атап өтті және оның халықаралық беделін жоғарылатуын қолдады.

Қазақстанның ШЫҰ-дағы алдағы төрағалығының негізгі басымдықтарын бірлесіп ілгерілету бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның ішінде Ұйымның халықаралық байланыстарын кеңейту, қызметін одан әрі жетілдіру салалары қамтылды.


Соңғы жаңалықтар