Шикізат рентасы арқылы азаматтарды жемқорлықпен күреске тартуға болады – Марат Қайырленов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экономика ғылымдарының канидаты, Ulagat Konsalting Grupp директоры Марат Қайырленов ҚазАқпарат тілшісіне сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа толқынында қандай шараларды қолға алу керектігі туралы пікірін айтты.

«Біздің экономикамызда күні бүгінге дейін «қол тигізуге болмайтын» ірі компаниялардың айтарлықтай шоғыры бар. Тексеруші органдардың ешбірі оларды тексере алмайтын. Өкінішке қарай, осы «қол тигізуге болмайтын» санат экономиканың қатерлі ісігіне айналды», - дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, мұндай «қатерлі ісікті» емдеуде дамушы елдердің тиімді тәсілдері бар.

«Бақылау-қадағалау органдарының жұмысын күшейтуден бөлек, БАҚ-тың мүмкіндігін кеңейту керек. Дамыған елдердің бәрінде жемқорлықпен күресте БАҚ-тың рөлі жоғары. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Өйткені журналистерден жалтару жағы бізде қатты өріс алған. Сауалдарына жауап бермейді, берсе де үстіртін, қасаң мәліметпен құтылады деген сияқты. Компанияларды қойып, шенеуніктердің өзі БАҚ туралы, Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңдардың талаптарын бұзады. Кейбіреулерге елеусіз көрінгенімен, БАҚ-тың заң бұзу фактілерін анықтаудағы рөлі өте жоғары», - дейді Марат Қайырленов.

Сондай-ақ, жемқорлықпен күреске қоғамды тартудың тиімді тәсілі бар екенін еске салды.

«Бақылау-қадағалау органдары Президенттің тапсырмасынан кейін кенет жақсы жұмыс істеуге кірісіп, шетінен әшкерелей бастайды деп үміттенуге болатын шығар. Тіпті талап ету керек. Бірақ олардың да ресурсы шектеулі. Сондықтан, барынша ашықтық болса, БАҚ-тың жұмысында еркіндік болса, жемқорлықпен күрес нәтижелірек болар еді.

Үшінші шара – тұрғындарды тарту. Егер мемлекет әр қазақстандыққа шикізат рентасын төлесе, халық әрбір шығынды, түсетін салықты мұқият қадағалайтын болады. Халық шикізат саудасынан түскен салық оның қалтасына түсетін ақшаға тікелей әсер ететінін түсінгенде экономикаға сергек қарай бастайды.

Міне, бақылау, қадағалау шаралары осындай үш деңгейлі болу керек деп ойлаймын. Бірінші кезекте бақылау-қадағалау органдарының кіршіксіз жұмысын, екінші кезекте БАҚ-тың еркін жұмысын, үшінші кезекте қоғам мүмкіндіктерін бірдей іске қосу керек», - деді экономист.




Фото: egemen.kz


Соңғы жаңалықтар