Шеттегі қандастар елордамыздың Нұр-Сұлтан аталуына қолдау көрсетуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шеттегі қандастарымыз елордамыздың Нұр-Сұлтан қаласы деп аталуына орай өз пікірлерін білдіруде. Солардың бірі Моңғолияның екі мәрте еңбек ері Қуанбай Бапаяқұлы бұл жаңалықты қуана қабылдағандықтарын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моңғолиядағы аз қазақ атажұрттағы байтақ еліміздің әр қадамын бақылап, жақсылығына тілектес болып отырамыз. Әсіресе Қазақ еліне тәуелсіздік әперіп, небәрі 28 жылдың ішінде екі ғасырлық өркениетке жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын естігенде мерейіміз үстем болып отырады. Міне, күні кеше Қазақ елінің ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін тоқтатқаны туралы халқына мәлімдемесін шеттегі ағайындар, біз де аса толқыныспен қабыл алдық. Әрине, Елбасының бұл саясаты уақытын тапқан маңызды мәселе екенін халық түсінеді. Соның өзінде көңілде бір кем дүние тұрғандай сезілді. Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болуға әбден лайық екенін Моңғолия қазақтары да жақсы біледі. Ең бастысы ол - Назарбаевтың көп жылғы сенімді серігі, ғылым-білімнің, саясаттың шыңдалған сардары. Қ.Тоқаевтың Елбасы саясатын жалғастыратынына сенеміз және ол бұл сенімді толық ақтайтынын алғашқы күннен бастап дәлелдеді», - деді ол.

Осы орайда шетелдегі қандасымыз Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертуге қатысты пікірін білдірген.

«Бұл - өте орынды шешім, Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Қазақстандықтар әлем жұртшылығына елім деген адал ұлдарын сыйлай білетін парасатты халық екенін көрсетті. Бұл атақ шын мәнінде Елбасына қажет емес. Бұл атақ қазақтың абыройын асқақтатады. Біздің мәрт ел екендігімізді әлем мойындайтын болады. Қымбатты қазақстандық қандас ағайындар, нұр жайнаған Нұрсұлтан қаласы құтты болсын! Әлемнің әр түкпіріндегі қандастарға нұрын төге берсін! Шеттегі бес миллион қазақ сіздермен біргеміз әрі сіздерді қолдаймыз», - деді Қуанбай Бапаяқұлы.

Соңғы жаңалықтар