Шетелге емделуге онкологиялық аурулардың қай түрлері бағытталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатерлі ісіктің қай түріне шалдыққандар шет елдерге емделуге баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Кәрібай Мұсырман шетелге емделуге баратын онкологиялық науқастар туралы сұрады.

«Көптеген қазақстандықтар өз бойларында қатерлі ісік дерті анықталғаннан кейін, емделуге шетелге кетіп жатады. Көбінесе, Отүстік Кореяға, Қытайға және Ресейге барады. Өйткені елімізде онкологиялық науқастарды емдеудің кейбір тиімділігі жоғары әдістері қолданылмайды. Мысалы, ядролық және протонды терапия, сондай-ақ донорлардың жетіспеушілігіне байланысты жілік майын (сүйек кемігін) ауыстыру шектелген. Сонымен қатар, науқастар дәрігерлердің біліктілігіне сенімсіздігі әрі стационарлардағы жағдайларға көңілдерінің толмауы да орын алып отыр», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда К. Мұсырман қандай онкологиялық ауруларды тек шетелде емдету қажет екенін сұрады.

Өз кезегінде министр Елжан Біртанов елімізде арнайы комиссия жұмыс істейтінін, бұл тұрғыда шетелге жіберілетін науқастардың тізімі қаралатынын айтты.

«Біріншіден, елімізде протондық терапия болмағаннан кейін, жыл сайын балаларды шетелдік орталықтарға жіберудеміз. Сонымен қатар 20-ға жуық науқасты гамма-терапияға бағыттаймыз. Биыл Ұлттық нейрохирургия орталығында арнайы орталық ашылып,келесі жылдан бастап бүкіл ем-домды елімізде қамтитын боламыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын қан ауруларына шалдыққан балалар да шет мемлекетке трансплантацияға жіберіледі.

«Бүгінде Қазақстандағы екі орталықта трансплантация жасаудамыз, бірақ та кей жағдайларда донорлар болмағаннан кейін, донорларды қарастыру аясында халықаралық орталықтарға бағыттаймыз. Бұл мәселе бақылауда, жыл сайын өзіміздегі трансплантациялардың санын көбейтіп жатырмыз. Осы ретте шетелге жіберілетін онкологиялық аурулардың деңгейі төмендеп келеді», - деді Е. Біртанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет сағаты барысында министр қазақстандықтар қатерлі ісіктің қай түріне жиі шалдығатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар