Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар иеленген жерлер сот арқылы Қазақстанға қайтарылады - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындардың иелігіндегі біраз жерлер сот арқылы Қазақстанға қайтарылады. Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов осылай мәлімдеді.

Оның айтуынша, жер реформасына қатысты қауырт желіге өткен аптадан бері үш жарым мыңнан астам қоңырау шалынды. Осының ішінде жер реформасына қатысты сұрақтар бес пайызды ғана құрайды. «Жер реформасына қатысты сайтқа келіп түскен сұрақтарға келсек, оның көрсеткіші жоғары. 289 сұрақ пен 171 ұсыныс келіп түскен болса, соның 43 пайызы жер реформасына қатысты», деді министр. Сонымен бірге, ведомство басшысы сатылған жерлер мен жалға алынған жерлер туралы мәліметтерге де тоқталды. 57 млн 512 мың гектар шаруа қожалықтарының еншісінде, ал 40 млн 200 мың гектары мемлекеттік емес кәсіпорындарда.

«Жалға алған жерлерге келетін болсақ, 20 жылға дейінгі мерзімге берілген жер саны небәрі он пайызды ғана құрап отыр. Ал 25 жылдан 49 жылға дейін берілген жерлер саны 90 немесе 236 мың 771 жер учаскелерін құрап отыр. Яғни, мерзіміне байланысты жерді жалға алу басым. Ал шетелдіктер мен олармен бірігіп ашылған кәсіпорындарға келсек, оларға берілген жер көлемі басында 65 мың гектар болса, қазір одан да аз. Оның өзінде біріккен кәсіпорындарда басым», деді Асқар Мырзахметов.

Оның айтуынша, шетелдіктермен біріккен кәсіпорындардың біразы Қазақстанға қайтарылған. «Қазіргі күні Малайзиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Ливан өкілдіктерімен бірлесе құрылған кәсіпорындар ісі соттың қарауында қаралып жатыр. Бұлар да Қазақстанға қайтарылуы мүмкін. Бұның өзі шетелдіктерге, біріккен кәсіпорындарға қойылатын талаптардың жоғары екендігін көрсетеді», деді А.Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар