Шетелдіктерге Қазақстанда тұруға рұқсат беру тәртіптері өзгермек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Тиісті бұйрық «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат «адам саудасының құрбаны» және «пана іздеген адам» терминдерімен толыққан.

«Адам саудасының құрбандарына және пана іздеген адамдарға қатысты қабылдаушы тарап жергілікті атқарушы органдар болып табылады. Уақытша тұруға рұқсат ұзарту мүмкіндігімен алты айға ресімделеді, бірақ үш айдан аспайды», - делінген құжатта.

Ал тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына жүгініп, тиісті құжаттары мен өтінім берген иммиграттарға талаптарға сәйкес келген жағдайда 90 күннен аспайтын мерзімге уақытша тұруға рұқсат беріледі.

Қызмет бабымен Қазақстанға келетін шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат белгіленген мерзімге ресімделеді. Егер оны ұзартатын болса, жалпы елде болу уақыты 1 жылдан аспауы тиіс.

Сонымен қоса, жаңа өзгеріске сәйкес, гуманитарлық мақсаттар бойынша көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде ұзарту құқығымен 90 күнге беріледі.

Бұйрықты ашық талқылау 22 қарашаға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін депутаттар сауалына жауап берген Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ресей азаматтарының Қазақстанға келіп-кетуі қалыпты деңгейге оралғанын атап өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар