Шетелдіктердің Алматыда жұмыс істеуге рұқсат алуы жеңілдейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елімізде шетелдік мамандардың жұмысқа орналасуға рұқсат алу тәртібі жеңілдейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы 200 шетелдік компанияның қатысуымен өтіп жатқан конференцияда айтылды.

Шетелдік мамандардың құжат тапсыру процесі 3 айдан 30 күнге дейін қысқартылды. Кандидаттарды іздестіру бойынша бос жұмыс орындарын басылым бетінде жариялау тоқтатылды. Құжат тапсыру операциясы толығымен электронды форматқа көшті. Шетелдік мамандар elicense.kz арқылы құжат тапсыра алады.

«Білікті шетелдік мамандарды тарту бәсекеге қабілетті экономиканы қамтамасыз ету үшін керек. Конференция шетелдік сарапшылардың мәселе көтеріп, мемлекеттік орган өкілдеріне ұсыныс беруі үшін ұйымдастырылған. Мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнап жатыр», - деді Work Permits Kazakhstan компаниясының директоры Данияр Ибрагимов.

Сондай-ақ, Алатау ауданында көші-қон қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда салықтық, банктік, мекемеаралық қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, медициналық тексеруден өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге, ЖСН алуға болады. Дәл осындай орталықты Наурызбай ауданында ашу жоспарланып отыр.
null 

Биыл Алматыда шетелдік инвесторлар мен мамандарды тарту үшін 6 мыңға жуық квота бөлінген. Құрылыс саласы, қонақ үй бизнесі, мұнай-газ өнеркәсібі мен қаладағы сауданың дамуына Түркия, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Батыс және Шығыс Еуропадан мамандар шақырылды. Қазір қалада шетел капиталы мен жұмысшы күші бар 14 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Қалада 45 мың шетел азаматы тұрып жатыр.

Қытай мен Үндістаннан келген туристер үшін Алматы халықаралық әуежайы арқылы транзиттен өткеннен кейін 72 сағатта елден кету және келу тәртібі жұмыс істейді. Алматыдағы 90 қонақ үй мен жатақханаларда шетелдіктерді онлайн тіркеуге болады.

Бұдан бөлек, елімізге туристердің келу тәртібі де жеңілдеген. Елде 45 мемлекеттің азаматтары 30 күн визасыз жүре алса, 48 елден келген шетел азаматтарына тіркеу анықтамасы бірден беріледі. Ресей, Беларусь және Қырғызстан елінің азаматтары елге келген соң 30 күн, украиналықтар 90 күн тіркелмей жүре алады.
null 

 

 

Соңғы жаңалықтар