Шетелдіктерді қабылдайтын қазақстандықтар заңнаманы бұзса, 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалар шетелден келетін қонақтарын қабылдайтыны туралы ішкі істер органдарына хабарлауы тиіс. Заң бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұханбет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі мен онда болу қағидаларының 9-тармағына сәйкес, шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар келушілері туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін ескертеміз. Аталған хабарлама шетелдік азамат келген күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде беріледі. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда Қазақстанда қабылдаушы жеке және заңды тұлға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 518-бабы бойынша жауапқа тартылады», - деді А. Баймұханбет елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 АЕК-ке дейін, қайталанған жағдайда – 100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бұл 306 мың теңгеге тең. Жеке тұлғалар үшін ескерту түріндегі жаза, ал заңды қайта бұзғаны үшін – 30 АЕК немесе 91 890 теңге мөлшерінде айыппұл көзделген.

«Шетелдіктің келуі туралы хабарламаны қабылдаушы тарап үш тәсілмен бере алатынын еске саламыз. Бірінші, жеке және заңды тұлғалар көшіп келушінің келгені туралы визалық және көші-қон порталы – vmp.gov.kz немесе egov.kz арқылы хабарлай алады. Екінші, Қазақстан тарапынан қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны тікелей өз ауданы бойынша ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелеріне бере алады. Үшінші тәсіл – e-qonaq қосымшасы арқылы.

Жеке және заңды тұлғалар заңның осы талаптарын сақтауға міндетті екеніне тағы да назар аударамыз. Шетелдік қонақтар өздерінің паспорт деректерін қабылдаушы тарапқа хабарлауы және ҚР заңнамасын сақтауы тиіс», - деді Арман Баймұханбет.

Бұған дейін спикер жыл басынан бері Астанаға қанша шетелдік азамат келгенін жариялаған еді.



Соңғы жаңалықтар