Шетелдіктер үшін қазақстандық баланың құны қанша - Аружан Саиннің сауалы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық сәбилерді асырап алу процесін ашық ете түсу қажет. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин өзінің Facebook парақшасында ҚР Бала құқықтарын қорғау комитетіне осы мәндегі сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауржан Саин әлеуметтік желіде қазақстандық бүлдіршіндердің шетелдік азаматтарға 200 000 долларға сатылып жатқаны туралы хабар тарағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, желі қолданушылары бұл іске Аружан Саинның да қатысы бар деген ақпарат таратқан.

«Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа қатысты айтсам, Аружан Саинның шетелдіктердің бала асырап алуына еш қатысы жоқ. Аружан Саин бұл іспен ешқашан айналыспаған», - деп жазды уәкіл.

«Бүгінде ҚР Бала құқықтарын қорғау комитеті халықаралық бала асырап алу ісіне кәсіптенген 13 агенттікті аккредиттеген. 2015 жылдан бері бүгінге дейін 156 бүлдіршін шетел асқан. Олардың жасы 1 және 9 аралығында. Шетелдіктердің асырап алуына республикалық балалар банкінің орталықтандырылған есебінде тұрған ерекше мұқтаждығы бар, бір жастан асқан балалар ғана беріледі», - дейді Аружан Саин.

Заң бойынша шетелдік бала асырап алушылардан Қазақстан ешқандай ақы талап етпейді. Тек сотқа баж төлемі ретінде алым қарастырылған.

«Ашық көздерден, аккредиттелген ұйымдардың сайттарынан бала асырап алудың барлық алгоритмдерін оқуға болады. Тіпті Қазақстаннан бала асырап алу құны қанша екені де жазылған. Бұл қызметтің құны 15800-38500 еуро аралығында. Бұл өзге мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда төмен! Шетелдік жұптарға мекеме директорларына «сары алтыннан жасалған бұйымдар» мен опа-далап, әтір, спирттік ішімдіктер сыйға тарту керектігі туралы ақыл-кеңестер берілген. Нұсқаулықтардың кейбірінде баланың қазақстандық диагнозы көп жағдайда еуропалық немесе америкалық диагнозбен сәйкеспей жататынын ескертеді», - деген уәкіл аталмыш ақпараттарды таратушы көздердің сілтемесін де келтірген.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл аталмыш мәселелер бойынша ҚР Президентіне, ҚР Бас Прокуратурасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жолдапты. Аружан Саин шетелдік азаматтардың қазақстандық сәбилерді асырап алуын қолдайтынын айтады.

Оның пікірінше, әр баланың Қазақстан азаматының немесе шетелдіктің қамқорлығына алынып, отбасы жағдайында тәрбиеленуіне құқығы бар. Бұл бір жағынан Қазақстанның халықаралық конвенцияларды орындауымен тікелей байланысты.

«Алайда бұл процесс бастан-аяқ ашық жүріп, 100 пайыз заңды әрі түсінікті болуы тиіс. Сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік асырап алушының құқықтары заңнамалық негізде тең болуы шарт. ҚР «Неке және отбасы» Кодексінің 115-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың жетім балалар мен ерекше мұқтаждығы бар сәбилерді таңдауға, орналастыруға, біреуге беруге бағытталған делдалдық және өзге де қызметтеріне тыйым салынған. Яғни, жеке және заңды тұлғалар мұндай қызмет барысында ешқандай коммерциялық мүддеге жұмыс істемеуі тиіс», - деп жазды ол өз парақшасында.

Бала құқықтарын қорғаушы уәкіл осының бәрін тізе келіп, ҚР Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Мәншүк Әбідкәрімнен біренеше сауал бойынша түсініктеме беруді сұраған.

1. Комитет аккредиттеген шетелдік агенттіктердің делдалдық қызметінің құнында 15 800-38 500 еуро аралығындағы айырмашылық қайдан келген?

2. Бала асырап алушыларға балалар мекемелерінің директорларына алтын әшекейлер түрінде «сыйлық тарту керектігі» туралы айтылған ақыл-кеңестерге қатысты түсініктеме беру.

3. «Бала асырап алу туралы шешімге шағымдану кезеңінің соңында балалар үйіне төленетін қайырмалдықтар» (3000 еуро) туралы ақпаратқа, аталмыш мекемелердің осы қаражатты алуы, құжаттауы және пайдалануы бойынша түсініктеме беру.

4. Асырауға берілген балалардың диагноздары туралы құжаттарды ұсыну. Кейбір сайттарда бұл диагноздардың емделу мүмкін екені айтылған. Солай болса, комитет неге назарға алып, қажетті медициналық көмек көрсетпеген?

5. Шетелдіктердің асырап алуына қандай мекемелерден және қандай өңірлерден бала берілді?

Соңғы жаңалықтар