Шетелдіктер Қазақстанның туристік аймақтарын жарнамалау шығындарын өтейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның туристік жерлерін жарнамалауға қажетті қаржы шетелдік туристерге салынатын алымның есебінен өндіріледі. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстыру кезінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі Еркебұлан Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, маркетинг пен өнімді алға жылжытуда өзге елдерден айтарлықтай қалыс келе жатырмыз. Бүгінде әлемде Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия жайында көп біледі, сондай-ақ Грузия бұл бағытта елеулі ілгеріледі. Атап айтқанда, бұл елдерде туризм мәселесін шешуге белсенді түрде кірісіп, насихаттау шараларына қажетті қаржыны бөліп жатыр», - деді Е. Хасенов. 

Оның сөзіне қарағанда, Грузияда саладағы жарнамаға қомақты сомада қаржы жұмсалуда. Сонымен қатар, туристік мүмкіндіктерін насихаттауға Чехия мен БАӘ қыруар қаржы бағыттауда.

«Сондықтан да осы салада қаржыландыруды арттырмасақ, туристерді тартуда тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу қиындау болады. Аталған елдердің маркетингіндегі орташа бюджеттеріне жақындау үшін біз ағымдағы бюджетті жылына 1 млн доллардан 6-7 млн долларға дейін арттыруымыз керек», - деді Е. Хасенов.

Сонымен қатар ол бюджетке түсетін жүктемені азайтудың жолына тоқталды. Ол үшін Bed Tax жүйесін енгізу ұсынылуда. Бұл тұрғыда шетелдіктерге туристік алымды енгізу ескерілген, яғни олар орналасқан жерлерінде тиісті төлем жасайтын болады.

«Аталған алым мақсатты болады және салықпен қамтылмайды. Алым жүйесіне жауапты әкімші ретінде «Kazakh Tourism» компаниясын тағайындау ұсынылды. Туристік алым маркетинг пен жарнамаға бағытталады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтады», - деді ведомство өкілі.

Бастапқы кезеңде шетелдік азаматтарға бір қонған түнге алым екі доллар сомасында белгіленбек. Осы тетік арқылы жылына 4-5 млн доллар көлемінде қосымша түсім болады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар