Шетелдіктер Қазақстанға репродуктивті медицина үшін келеді - министрлік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Қазақстанда медициналық туризмді дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтарының ем қабылдауға шетелге ағылуын тоқтату үшін еліміздегі инфрақұрылымды дамытуға екпін қойылып отыр. Осы орайда қазақстандықтар жиі сапарлайтын елдерден инвесторлар тартылуда.  

«Әлемде медициналық туристердің негізгі доноры - АҚШ. Яғни барлық елдерде азаматтар басқа мемлекеттерге барып, ем-дом қабылдауға тырысады. Біздің азаматтардың неғұрлым басым көпшілігі сапалы көмекті елдің ішінде алғанына екпін қойып отырмыз», - деді вице-министр.

А. Цойдың айтуынша, бүгінде Қазақстанда жеті медициналық ұйымда GCI халықаралық аккредитациясы бар. Бұл өз кезегінде осы клиникаларда емделу қауіпсіз екенін және барлық әлемдік стандарттарға сай келетінін дәлелдейді.

«Өткен жылы ем-дом қабылдауға келгендердің саны артқанын байқадық. 1680 шетел азаматы жоспарлы ақылы стационарлық ем алды, 23 мыңға жуық шетелдік сауықтыру қызметтеріне, оның ішінде шипайжай ем-домына келді. Атап айтқанда, бұл бағытта үлкен әлеует бар», - деді вице-министр.

Белгілі болғандай, шетелдіктер Қазақстанға репродуктивті медицина мүмкіндіктері үшін сапарлайды.

«Экстракорпоралды ұрықтандыру, репродуктивті медицина бағыты бар. Ол жайында шетелде кеңінен біледі. Осы орайда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен бізге келеді. Елімізде бұл технологиялар жақсы дамыған», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар