Шетелдіктер Қазақстанды іскерлік кездесулер елі деп ойлайды - Kazakh Tourism

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясының өкілдері 9 күндік сапарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы танымал бағыттарды жасап шығару үшін экспедициялар сериясын ұйымдастырдық. Бұл бағыттар бұрын да болған, бірақ толыққанды ақпаратпен қамтып, насихаттау - біздің негізгі міндетіміз болып отыр», - «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.

Спикердің айтуынша, Қазақстанда этникалық бағыттағы туризмді қолға алған жөн.

«Шынтуайтына келгенде, біз көшпелі өмір мен атпен серуен сияқты этникалық бағытта туристік өнім ұсынатын ел ретіндегі рөлімізді жоғалтып алдық. Себебі біздің туристер Қазақстанға тек іскерлік форумдарға ғана келуге болады деп ойлайды. Ал этникалық туризм үшін Моңғолия немесе Қырғызстанға барады. Асылында Ұлы дала елі атауы Қазақстанға тиесілі», - деді ол.

Экотуризмнің бір бөлігі ретінде елімізде салт аттылар туризміне де қызығушылық бар.

«Экотуризмнің өзі әлемдік үрдіс ретінде дамып келеді. Ал салт атты туризмінің екі ерекшелігі бар: бекзаттық спорт түрі және көшпелілердің өмір салты ретінде насихаттауға болады. Яғни, бір мезгілде бекзат спортпен айналысып, көшпелілердің өмір салтын сезінуге болады. Бұл да - Қазақстандағы салт аттылар турын насихаттаудың бір маркетингтік жолы», - деді Тимур Дүйсенғалиев.

Айта кетейік, 21 маусымда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан «Киелі Қазақстан» салт аттылар экспедициясы сапарға аттанды. Олар Жасыбай және Қайыңды өзендеріне дейін ат үстінде бірнеше нысанға барды.

Соңғы жаңалықтар