Шетелдікінен кем емес: Қазақстандық ғалым обырды диагностикалауға арналған ерітіндіні қалай жасағандарын айтып берді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалауға арналған ерітінді жасап шығарды. Бұрын бұл сұйықтық елімізге Оңтүстік Кореядан алынып келген. Сапасы шетелдікінен кем түспейтін отандық ерітінді медициналық шығындарды азайта түсетіндігі сөзсіз. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі жоба жетекшісі Сана Қанатбекқызымен сұхбаттасып көрген еді.

- Жобаны іске асыруға қанша уақыт кетті?

- 1 жылдың ішінде жатыр мойны обырын диагностикалауға қажетті ерітіндіні жасап шығардық. Оның ішіне бірнеше реогенттердің құрамы кіреді. Олардың концентрациясын белгілеп, тиімді қатынасын анықтау керек болды. 12 айдай уақыт осыған жұмсалды. Ал тағы бір жыл уақыт патент алуға кетті.

- Осы ерітіндіні жасап шығару жайлы ой қалай келді?

- Жалпы бұл зерттеуді біз жергілікті сауықтыру орталықтарының бірінің атқарушы директорының тапсырысымен осыдан 5 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Еліміз осыған дейін биоматериалдарды талдауға және сақтауға арналған ерітіндіні тек шетелден алып келген. Ал бұл ерітіндінің маңызы өте жоғары. Кез келген талдаудан толыққанды нәтиже алу осы сұйықтықтың сапасына тікелей байланысты. Ерітінді қатерлі ісікті диагностикалаудың ең негізгі құралы десек артық айтқандық емес.

Бір ғажабы, біз дайындап көрген тұрақтандырушы ерітіндінің алғашқы құрамы бірден жақсы нәтиже көрсетті. Асығымыз алшысынан түсті деген осы. Әйтпесе биоматериалдар үшін тұрақтандыратын ерітіндінің оңтайлы құрамына жету – зерттеушіден қажырлы қайрат пен ауыр еңбекті қажет етеді.

- Сонда осыған дейін елімізге бұл ерітінді қай елден жеткізіліп тұрған?

- Әңгімені әріден бастайық. Қазір әйел адамның жатыр мойны обырын анықтау үшін скрингтік зерттеулер қолданылатындығы белгілі. Ал бұрындары өте көп анализ тапсыруға тура келетін. Осындай өзгеріс 2013 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында мүмкін болды. Цитологиялық анализді алудың автоматтандырылған әдісі енгізіліп, Оңтүстік Кореядан жаңа қондырғылар жеткізілді.

Осы қондырғылармен бірге қолданылатын қосалқы заттар да импортталды. Оның ішінде бұл ерітінді де бар. Жыл сайын оны сатып алуға қомақты қаржы жұмсалып келді. Енді ерітіндіні өзіміз жасайтын болдық. Біздің сапамыз шетелдік аналогтардан кем түспейді. Демек, медициналық шығындар азайып, мол қаржы өз елімізде қалады.

- Зерттеу жұмыстарына қанша ғалым тартылды?

- Жобаның сәтті шығуына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла, аталған білім ордасының түлегі Есбол Шаймардан мол еңбек сіңірді. Жоба жетекшісі болған өзім ол кезде сол университетте жұмыс істеп жүрген едім. Қазір Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде жетекші ғылыми қызметкер болып еңбек етудемін. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарын дәрігерлердің көмегінсіз жүргізу мүмкін емес. Біз ерітіндіні дайындап апарып бергенде олар соны цитологиялық анализде қолданып көреді. Яғни, биоматериалды қондырғыға салып тексереді. Осы ретте, зерттеуге қатысқан – Қазақстандағы цитологиялық ғылымның негізін қалаушылардың бірі Азат Шибанова болды. Шығыс Қазақстан университеті ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева бұл тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Өскемендегі №11 мектептің 11 сынып оқушысы Карина Абакумова ерітіндіге қатысты ғылыми жоба жасап, оны облыстық деңгейдегі конкурсқа ұсынып, 1 орын иеленді.

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазір бастамалық негізде улы заттардың ең аз мөлшері бар жаңа құрамдағы тұрақтандырғыш ерітіндіні әзірлеу үстіндеміз. Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығымен келісім-шартқа отырдық. Дәрігер-цитопатолог Айгүл Нұрғалиева және цитология бөлімінің меңгерушісі Эльмира Хамитовамен бірлесіп жұмыс істеудеміз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!



Соңғы жаңалықтар