Шетелдік журналистер Түркістанның туристік орындарын аралады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына шетелдің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді, деп хабарлайы ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен келген делегация құрамында Ұлыбритания, Франция, Қытай, Италия, Корея, Польша, Индонезия елдерінің журналистері бар. Баспасөз туры еліміздің туристік әлеуетін таныту үшін ұйымдастырылған.

Өңірдің тынысымен жан-жақты танысуға келген 7 мемлекеттің журналистерін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесу барысында өңір басшысы облысты дамыту жөніндегі ойлары мен жоспарларын айтты.

null«Сіздермен сан ғасырлық тарихы бар киелі Түркіcтан жерінде кездесіп отырмыз. Бұл басқосуға арқау болып отырған Түркістан қаласының қазақ халқының тарихында орны ерекше. Түркістан облысы елімізде ең көп турист келетін аймақ саналады. Біздің таңғажайып табиғатымыз бен тарихи орындарымызды көруге келетіндер қатары мол. Түркістанда тарихи орындар мен ескерткіштер, көне қалалар көп. Сонымен қатар, таулар, көлдер, өзендер мен көрікті орындар да баршылық. Ұлы Жібек Жолы біздің облысымыздан өткен. Сіздер де өз елдеріңізге барған кезде Түркістан туралы айтып, өңір туризмін насихаттауға үлес қосасыздар деген ойдамын. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер «Түркістан облысының туристік потенциалын дамыту» бағдарламалық тұжырымдамасын жүзеге асыруда зор ықпалын тигізетініне сенімдімін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

nullКездесуде Польшаның «Turystyka.rp.pl» агенттігінің өкілі Анна Клоссовска және өзге де журналистер өз әсерлерін айтып, өңір туралы сұрақтар қойды. Сапар аясында шетелден келген қонақтар тарихы терең Отырар ауданына да барды. Өз кезегінде аудан әкімдігі журналистерді әлемге әйгілі Отырар қаласының тарихымен таныстырды. «Арыстанбаб» кесенесіне аялдаған шетелдіктер сырын ішіне бүккен киелі жердің мол мұрасына қанықты.

nullМұнан кейін журналистер Түркістан өңірін аралады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы және Түркістан қаласындағы басқа рухани және туристік орындарды аралап, тарихымызбен танысты.

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан қаласына келушілер саны 700 мыңнан асып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60%-ға көбейген. Мәдениет және өнер тақырыптары бойынша маманданған шетелдік журналистер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысына, сән-салтанатына ерекше қызығушылық танытты. 

nullСондай-ақ, шетелдік қонақтар Түркістан қаласы маңындағы мақта алқабындағы ақ алтынды жинау сәтіне куә болды. Айта кетейік, биыл өңірдегі 132 мың гектар алқапқа мақта егілген. Еліміздегі ақ алтын өсіріп, экспорттайтын бірден-бір өңірдегі шаруашылықтың бұл түрі шетелдік журналистердің қатты қызығушылығын оятты.Түркістанда жуырда қанат қағатын бірегей жоба «Golden Саmel Group LTD» түйе сүтін өңдейтін зауытына барды. Тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеп, 7 түрлі энергетикалық сусын шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Алпауыт кәсіпорынның жұмысы шетелдіктердің қызығушылығын туғызды.

Соңғы жаңалықтар