Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға әкімшілік жауапкершілік белгіленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, Бас прокуратурамен бірлесіп шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарды тексеру аяқталып, қажетті әкімшілік шаралар қабылданды.

«2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің алдын алу және тәртібін күшейту үшін жұмыс берушілердің қызметкерлерге тең санитарлық-тұрмыстық жағдай жасау жөніндегі міндетін және әкімшілік жауапкершілікті белгілеуді жоспарлап отырмыз. Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне және тексеру парақтарына өзгерістер енгізілетін болады. Бұл жыл сайын қызметкерлерінің саны 250 адамнан асатын, 30-дан астам шетелдік қызметкерді тартатын кәсіпорындарды жоспарлы тексерулермен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес кәсіпорындарды тексеруді кедергісіз жүзеге асыру, еңбек инспекторларының штат санын ұлғайту бөлігінде мемлекеттік еңбек инспекторларының мәртебесін қайта қарау жөнінде шаралар қабылданады. Кәсіподақтардың қызметін жетілдіру, кәсіби тәуекелдерді бағалауға негізделген еңбекті қорғауды басқару жөніндегі жаңа тәсілдерді енгізу, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек қызметін цифрлауды енгізу жөніндегі мәселелердің үлкен ауқымын қамтитын еңбек жөніндегі заң жобасы Парламент қарауында жатыр.


Соңғы жаңалықтар