Шетелдік жүк тасымалдаушылар Қазақстан аумағымен 13 мың заңсыз рейс жасаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық ксіпкерлер палатасының алқа мүшесі Болатбек Әлиев шетелдік көліктер Қазақстан аумағымен 13 мың заңсыз рейс жасағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автокөлікпен жүк тасымалдау логистикасында проблемамыз бар. Біздің мемлекетіміз халықаралық тасымалдарды реттейтін конвенцияның мүшесі болып есептеледі. Соның аясында 43 мемлекетпен жүк тасымалы жолға қойылған, яғни біз олардың аумағында, олар біздің аумақта жүк таси алады. Бірақ, Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүктің 70 пайызын шетелдік компаниялар, 30 пайызын ғана қазақстандық компаниялар тасымалдап келеді. Біз мұны әділетсіздік деп есептейміз. Ол жағдайға ұшыратқан – Қаржы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Өйткені, кеден органдары мен көлік органдары осы министрліктерге бағынышты», - деді сарапшы прокуратура органдарының бизнес өкілдерімен кездесуінде.

Палата өкілінің сөзіне қарағанда, мәселені Премьер-Министрдің деңгейінде көтергеннен кейін барып нақты жағдай айқындалған.

«Бізге заңсыз кірген көліктердің көлемін таптық. Жыл сайын шетелдік компанияларға жүк тасымалдау квотасы белгіленеді. Сол квотадан тыс 13 мың рейс заңсыз орындалғаны белгілі болып отыр. Қазір осы факті бойынша тексеру болып жатыр. Бұл рейстердің бәрін отандық компаниялар орындауы керек еді. 13 мың рейс дегеніміз – шамамен 45-50 млрд теңгенің көлемінде кіріс деген сөз. Оның ішінде салығы, жұмысшылардың айлығы, әлеуметтік төлемдері бар. Осынша дүние сыртқа кетіп жатыр. Өз компанияларымыз орындаса, бұл ақша іште қалар еді», - дейді Болатбек Әлиев.

Сондай-ақ, ол аталған 13 мың рейстің көбі Еуропамен арада қатынайтынын айтты.

«Бұл рейстердің көбі Еуропа елдерімен арада қатынайды. Ондай рейсті орындаудың бір жақ құны 6-7 мың еуродай болады. Барып-келуін есептесек, әр рейстің құны 13 мың еуро деген сөз. Осыны 13 мың рейске көбейтсеңіздер, автокөлік тасымалының дұрыс қадағаланбауы салдарынан ғана қанша кірістің сыртқа кетіп жатқанын түсінуге болады», - деді «Атамекен» ҰКП өкілі.


Соңғы жаңалықтар