Шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшартты қайта қарауды талап етеміз – Дания Еспаева

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Біз кедейлікті азайту, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жою, экономиканы монополиядан шығару міндетін қойып отырмыз. Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық кеңесінің мүшесі Дания Еспаева сайлау алдындағы партиялар дебатында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында біз кедейлікті азайту, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жою, экономиканы монополиясыздандыру міндетін қойып отырмыз. Біз кедейлікті қалай жеңуге болатынын білеміз – бұл үшін жаппай кәсіпкерлікке мүмкіндік жасау керек. «Ақ жол» партиясы шағын бизнесті есеп беруден босатуды, оның айналымын 100 млн теңгеге дейін ұлғайтып, патентпен жұмыс істеуге мүмкіндік беруді талап етеді. Бір ғана осы мүмкіндік мыңдаған жұмыс орындарының санын көбейтуге мүмкіндік береді, жұмыспен қамтуға арналған бірде-бір бағдарлама мұндай нәтиже бермеген. Біз шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарды қайта қарауды және пайданы бөлуде Қазақстанның үлесін арттыруды талап етеміз», - деді Дания Еспаева КТК телеарнасында өткен дебатта.

Сондай-ақ, спикер «Ақ жол» партиясы Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен жемқорлардың ақшасын қайтаруды талап ететінін жеткізді.

«Жемқорлар жазасын өтегеннен кейін де Қазақстаннан тыс жерге шығуға құқығы жоқ деп санаймыз. Ауыл тұрғындарының баспана жағдайын жақсарту үшін міндетті ауылдық ипотекалық несиелеуді ұсынамыз, ал бүгінде қалаларға жаппай көшіп келе жатқан жастар үшін әкімдіктер әлеуметтік тұрғын үй салуы керек, сонда бұл жастар аяққа тұрып, болашақта өздеріне одан тәуір баспана сатып ала алады. Бүгінгі баспана бағдарламалары тек көпбалалы отбасыларға арналған, ал жас отбасылар не істеуі керек? Сондықтан біз жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламалар бойынша әрбір бала үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынамыз», - деп толықтырды Дания Еспаева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, КТК телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс өтіп жатыр.

Дебатқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысуда.


Соңғы жаңалықтар