Шетелдік үздік ғалымдарға 10 жылға Ғылыми-педагогикалық виза берілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шетелдік үздік ғалымдарға 10 жылға «Ғылыми-педагогикалық виза» беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының бірінші бағыты – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады.

«Бұл санаттағы кадрларға он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған», - деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар