Шетелдік туристер үшін пакеттік ұсынымдарды көбейту қажет - Арыстанбек Мұхамедиұлы

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен "Қазақстандық туристік өнімді қалыптастыру және дамыту мәселелері" конференциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

 Онда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғы сөзін оқып берді.

 Министр өз сөзінде Қазақстанның биылғы бүкіләлемдік экономикалық форумның туризмнің бәсекеге қабілеттілігі индексі бойынша 133 мемлекет арасынан 81 орынға ие болғанын атап өтті және туризм саласында елеулі экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.  

 "Туризм саласы бойынша елеулі экономикалық табысқа жету үшін бәрімізге сапалы туристік ұсынымдар бойынша үйлестірілген нақты жұмыстар жүргізу қажет. Жүйелі шаралардан бөлек, республикамыздың әр өңірінің бірегейлігін көрсете алатын пакеттік туристік ұсынымдарды дамытуға назар аудару қажет. Бұл туристік өсім нүктелері айналасында материалдық пен қаржылық ресурсты және адами капиталды шоғырландыруға, ішкі және сыртқы туризм ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді", - делінген министрдің алғы сөзінде.

 Сондай-ақ, министр эко және этнотуризмді қазақстандық туристік өнімнің негізіне айналдыру қажеттігін баса айтқан.

"Экотуризм мен этнотуризм бірегей табиғаты мен төл мәдениеті бар Қазақстанның туристік өнімінің негізіне айналуы тиіс. Ол үшін қолөнер кәсібін дамытып, кәдесый өнімдерін өндіруді қолға алу керек. Ауылдық жерлер мен табиғи зоналарда қонақ үйлер мен демалыс базаларын салу қажет. Сондай-ақ, жыл сайын "Ұлы дала рухы" этникалық фестивалі, Алма фестивалі, Қызғалдақ жолы, Ұлы Жібек жолы, Алтай - мәдениет бесігі, Тайқазан т.б. секілді фестивальдер мен этникалық компоненті бар өзге де турларды өткізіп тұрған жөн", - дейді министр.

Осы орайда, министр отандық туристік өнімді халықаралық және ішкі нарықта насихаттау, еліміздің туристік имиджін қалыптастыру, ұлттық туристік брендті кәсіби басқару сынды өзге де міндеттермен биылғы шілде айында арнайы құрылған "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы" АҚ айналысатынын хабарлады.

 "Kazakh Tourism" компаниясы еліміздің туризм саласына инвестиция тартумен де айналысатын болады. Ондағы штаттық күн тәртібі бекітіліп, кәсіби команда жиналды және компания өзінің қызметтік міндеттерін атқаруға кірісіп кетті", - делінген А.Мұхамедиұлының алғы сөзінде.

Сондай-ақ министрдің пікірінше, жоғарыда аталған шаралардың іске асырылуы ел экономикасында туризм үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және туризм саласына қажетті инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар