Шетелдік тәжірибе: СҚО ғалымы «ормандағы ферма» жобасын қолға алды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті университеттің оқытушысы 30 млн теңгенің грантын жеңіп алып, орман кластерін құрды. Енді жаңа жобасы арқылы орманда алма-алмұрт, өрік пен жаңғақ өсірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тимур Зверяченко М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің гранттар бойынша жетекші маманы, доцент. Негізгі білімі химияға қатысты болса да, бүгінде биология саласына бет бұрған. Мақсаты – өңірдің жасыл белдеуін дамыту. Осылайша жас ғалым дайындаған жоба 2017 жылы «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын жеңіп алды.

«Жоба «СҚО-да орман кластерін құру» деп аталады. Оған кешенді жұмыс кіреді, яғни ағашты кесу, орманды қалпына келтіру және кесілген ағашты кәдеге жарату. Жылыжайда біз тұқымнан көшет аламыз. Бұрын ағашты кесуден кейін қалатын қалдық – бұтақтары, 10 см кем болатын ағаштың діңі жағылып, жойылса, қазір одан көмір зауытында ағаш көмірі жасалады.

Бұл жоба 2017 жылы қолға алынып, 2020 жылға дейін жүзеге асуы тиіс болды. Сол үшін 300 млн теңге грант берілді. Сондай-ақ жеке кәсіпкердің 120 млн теңге қаржысы жұмсалды. Іс өрге басты. Қазіргі уақытта екінші зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылыжай салу үшін жер де сатып алынды», - дейді Тимур Зверяченко.

Грант – қайтарымсыз, бірақ оны жобаны жүзеге асырушылар салық арқылы қайтаруға тиісті. Екінші міндет – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы керек. Қазір бұл кешенде 27 адам жұмыс істеп жатыр. Жақында қаржылық міндеттен де толық құтылмақ. Өйткені кәсіпорындар пайда әкеле бастаған. Жалпы «Ғылым қоры» грантты салық ретінде қайтаруға 6 жыл береді.

«Жапырақты ағаштардың орнына қылқан жапырақты ағаштарды егіп жатырмыз. Мәселен, ол үшін қайыңы сирек өскен орманды таңдап аламыз, Соның ішіне шырша-қарағайлардың көшетін отырғызамыз. Ол үшін арнайы техника да сатып алдық. Бұл әдісті неге қолданамыз? Былтыр құрғақшылық, әрі ыстық болды. Ашық алаңда көшеттер күйіп кетер еді. Ал орман жамылғысында өзінің микроклиматы бар. Көшеттер тез күш алады. Бір жылдан кейін қурай бастаған қайыңдарды кесіп аламыз, ал қылқан жапырақты ағаштар әрі қарай өсе береді. Боголюбово орман шаруашылығында бұл жұмыстар атқарылды. Биыл Бугровое және Малиновка орман шаруашылықтарында көшет отырғызатын учаскелерді таңдап, дайындап жатырмыз. 100 га аумақты қамту ойда бар. Болашақта 200-250 га аумаққа ағаш отырғызуды жоспарладық», - дейді ғалым.

Маманның айтуынша, солтүстік өңірде сағыз қарағай мен қарағай, қайың жақсы өседі. Алғашқы екеуінің тұқымы жылыжайда егілді. Ал қайыңды ашық аспан астында өсірген дұрыс.

«Жылыжайда өсірудің артықшылықтары көп, көшеттер тез жетіледі. Бір маусымда жаңа орынға егуге болатын 12 см көшет өсіп шығады, ашық алаңда мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін екі жыл кетер еді. Сондай-ақ біз тамырын жабық күйде шымтезекте өсіріп жатырмыз, сол күйі апарып отырғызуға болады», - дейді Тимур Зверяченко.

Университет оқытушысы қазір екінші жобаны әзірлеп жатыр.

«Ойлағанымызды жүзеге асыру үшін тағы да «Ғылым қорынан» грант алуды мақсат еттік. Өсімдік шаруашылығының бұл бағыты АҚШ пен Канадада дамыған. Ол – орман фермалары деп аталады. Яғни жас орманда бос жатқан жерлер көп. Ол жердің микроклиматы өсімдік өсіруге өте қолайлы. Соны пайдаланып, емдік қасиеті бар өсімдіктерді, жеміс ағаштарын, соның ішінде алма, алмұртты, жаңғақтарды өсіруге болады. Біз қазір осы бағытты дамытпақпыз. Сол үшін Канададан жаңғақтың бірнеше түріне тапсырыс бердік. Хакасиядан суыққа төзімді маньчжур өрігін әкелдік. Жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығынан бірнеше жеміс түрлерін алуды жоспарлап отырмыз. Осылайша келесі жылы 60 га жас орманды аламыз, сол жерлерде орман бақтарын құрамыз. Әрине, АҚШ пен Канаданың көп жылғы тәжірибесін негізге аламыз. Қайың 60 жылда толық жетіледі, қылқан жапырақты ағаштарға 110 жыл керек. Міне осы уақытқа дейін ол жерлерде орман бақтарын өсіріп, табыс табуға болады. Мәселен қарапайым орманнан ағашты кесу арқылы мемлекет 1 АЕК мөлшерінде ғана пайда көрсе, біздің жоба арқылы кірісті 100 есе ұлғайтуға болады. Ал инвестордың табысын айтпаса да болады.», - дейді Тимур Зверяченко.

Сондай-ақ білікті маман 2019 жылдан бері Петропавлды көгалдандыру бағдарламасына қатысып жатыр.

«Қала әкімдігі маған және тағы бір ғалымға облыс орталығындағы ағаштардың жағдайын зерделеуді тапсырды. Шіріген ағаштардың орнына басқа не егуге болатынын сұрады. Сонда байқағанымыз, отырғызылатын ағаш түрлері санаулы-ақ екен. Ал бағалы, сирек кездесетін түрлері оңтүстік облыстардан, тіпті Польша мен Германиядан жеткізіліп келген. Ал олар біздің ауа райына бейімделмеген, қысқа шыдамай үсіп кетеді.

Сондықтан көгалдандыруда қолданылатын декоративті ағаштардың тұқымын жылыжайға ектік. Ол көшет болғанға дейін 7-8 жыл керек. Бірақ нәтижесі керемет болатынына сенімдімін», - дейді Тимур Зверяченко.


Соңғы жаңалықтар