Шетелдік сарапшыларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев үшжақты ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

Тараптар инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен қолдау көрсету жөнінде келісті», деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы қала тұрғындары мен қонақтары үшін тілдік ортаны қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған еді.

Тиісінше «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы мен аудандық әкімдіктердің жанынан ағылшын тілінің сабақтары ұйымдастырылған. Оған ХҚКО, денсаулық сақтау, «Фронт-кеңселер» қызметкерлері қатысып жатыр. Оқыту кезінде шетелдік инвесторларға ағылшын тілінде мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтер көрсететін АХҚО Экспат-орталығының тәжірибесі негізге алынды.

Болашақта Экспат-орталығының базасында «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығының, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының және «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкерлері қызмет көрсететін болады.

Бұдан басқа, ынтымақтастық шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері үшін үш тілді ақпарат жазу маңызды болмақ. Мәселен жарнамалар мен ақпараттық стендтердің ағылшын тілінде де жазылуы.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мемлекет тарапынан қабылданатын шаралардың арқасында елордада жыл сайын инвестициялық ахуалдың жақсарып келетінін атап өтті. Тартылған инвестициялардың 30% -ы шетелдік. Енді АХҚО Экспат-орталығымен серіктестіктің арқасында әрі оның базасында шетелдік сарапшылар мен компанияларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.

Айта кету керек, АХҚО-да шетелдік сарапшылар мен олардың отбасы мүшелері үшін қолайлы жағдай жасалған. Жеңілдетілген визалық және көші-қон режимі жұмыс істейді. Экспат-орталық Нұр-сұлтан қаласының қалалық және іскерлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі іспеттес.

Соңғы жаңалықтар