Шетелдік сарапшылар Президент Жолдауын талқылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Саяси реформалар: шетелдік көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл шараның басты мақсаты Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында жариялаған саяси реформалар туралы пікір алмасу болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шетелдік және қазақстандық сарапшылар Қазақстандағы билік институттарын трансформациялаудың қазіргі жағдайы мен тенденцияларын, Президент бастамаларының саяси, әлеуметтік және экономикалық мәнін, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын дамыту перспективаларын талқылады.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, саяси жаңғыртусыз тиімді экономикалық даму да, азаматтық қоғам құру да, сайып келгенде, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтау да мүмкін еместігін атап өтті.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық кеңестің мүшесі Қанат Нұров бұл өзгерістерге неғұрлым тезірек көшсек, соғұрлым барлық қазақстандықтар үшін жақсы болатынын айтты. «Біз бұл реформалардың мүлдем жаңа саяси жүйе – суперпрезиденттік республикадан президенттік республикаға көшу үшін маңызын жақсырақ түсінетін боламыз», - деп атап өтті депутат.

Шетелдік сарапшылар да Президенттің жаңа саяси реформаларына тоқталып өтті. М.Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институтының сарапшысы Ежи Олендзкийдің (Польша) пікірінше, президенттік билік жүйесін қайта құру, сайлау жүйесін өзгерту және саяси партияларды құруға жәрдемдесу – елді демократияландыруды тереңдету жолындағы шешуші қадам.

ММҚХИ Халықаралық зерттеулер институтының Орталық Азия және Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры Андрей Казанцев (Ресей) Жаңа Қазақстанды құру - өте қызықты эксперимент екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, суперпрезиденттік жүйеден бас тарту кері байланыстың артуына әкеледі.

Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжидің (ҚХР) пікірінше, Қ.К.Тоқаев жария еткен саяси реформаларын келесідей сипаттауға болады: кемелді Үкімет құру, күшті Парламент құру, құқықтық мемлекет құру, әлеуметтік қорғау жүйесін құру.

«Жарияланған реформалар қазақстандықтардың өміріне оң әсер ететіні сөзсіз», - деді Орталық Азия халықаралық институтының директоры Әнуар Насиров (Өзбекстан). Ол сондай-ақ саяси реформалар билік пен азаматтардың өзара іс-қимылын күшейтетін жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.

Ресей ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының бас ғылыми қызметкері Алексей Малашенко (Ресей) Президенттің қайсарлығына ерекше назар аударды. Қ.Тоқаев саясаткерлер арасында сирек кездесетін қайсарлық, шынайылық және парасаттылық сияқты қасиеттерге ие. «Қаңтар оқиғасынан кейін ол реформаны тез жүргізуге кірісті, күтуге, жан-жақты бақылауға уақыт болса да, тәуекелге барды және дұрыс әрекет етті. Ол дайын болғанда қоғам да жетілді», – деп қадап айтты.

Әзірбайжандық саясаттанушы, «Валдай клубының» сарапшысы Фархад Мамедовтың (Әзербайжан) айтуынша, реформаларға баламалардың жоқтығы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттігі кезеңінің маңызды элементі болып табылады. Сарапшы Президент қай жерде жеделдету қажет, қай жерде ойлану керек, қай жерде белгілі бір уақыт қарастырылатынын жеке мысалмен көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Президенттің халыққа Жолдауы аясында айтылған бастамалар жүйелі әрі озық сипатта. Олардың қомақты бөлігі – Ұлттық кеңес жұмысының және қоғам белсенділерінің жеке өтініштерінің нәтижесі», - деп атап өтті М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті АТО директоры Дарья Чижова (Ресей).

Тәжікстан саясаттанушылар ұлттық қауымдастығының төрағасы, Тәжік ұлттық университетінің доценті Абдуғани Мамадазимов (Тәжікстан) Душанбеде өткен ШЫҰ және ҰҚШҰ саммитінде Мемлекет басшысы: «Еуразиядағы «үлкен ойындардың» бізге қажеті жоқ, бізге барлығы үшін бейбіт, қауіпсіз және тұрақты болашақ құру үшін «үлкен серпіліс» қажет». Сондықтан Абдуғани Мамадазимов бұл Жолдауды Орталық Азияның басқа елдеріне әлі де көшбасшы бола алатын Қазақстанның «үлкен серпілісінің» бастауы ретінде қабылдады.

РҒА Шығыстану институтының Орталық Азия секторының меңгерушісі Игорь Савин (Ресей) жергілікті өзін-өзі басқаруға көшу этникалық азшылық мәселелерін тиімдірек шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан әрқашан этностарды саясиландырмау бағытын ұстанып, этносты қоғамның әлеуметтік күн тәртібінің өлшемдерінің бірі ретінде қарастыруды жөн көрді. «Қазақстанның ауқымды саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыруға дайындығы басқа мемлекеттер үшін елдің өз ішкі мәселелеріне баса назар аударуға ниетті екендігін байқатады. Реформалардың бірқалыпты, кезең-кезеңмен жүргізілуі ел басшылығының ниетінің байыптылығын көрсетеді. Жолдау іскерлік сипатта болды және бұл реформалардан нәтиже шығатынына сенімділік береді», – деп атап өтті сарапшы.

Германияның «Жасылдар» партиясының негізін қалаушы, Еуропарламенттің бұрынғы депутаты, саяси қайраткер Франк Швальба-Хот (ЕО) «Ұлттық құрылтай» қоғамдық сенім кеңесінің алға қойған мақсатына жетіп, көптеген елдерге үлгі болуын тіледі. Сонымен қатар ол Құрылтай тек саяси кеңес емес, сондай-ақ қарапайым адамдардың, қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын ұйым болуына тілектестік білдірді.

«Президент Қ.К. Тоқаев өзінің президенттігінің басынан бастап қазақстандық саяси жүйенің барлық саласын қамтитын байыпты саяси реформаларға көшуді бастады. Оның саяси жүйенің тиімділігі туралы үнемі ашық айтатынын атап өткен жөн. Ал бұл жолғы Жолдауында ол бұрынғыдан да ашық болды. Ол үшін халықтың пікірі маңызды екенін ашық айтты. Жолдау қоғамның барлық сұраныстарына жауап береді деуге болады», - деп қорытындылады Қауіпсіздік саясаты және даму институтының директоры, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Сванте Корнелл (Швеция).


Соңғы жаңалықтар