Шетелдік нөмірлерді ұрлаған алаяқ көлік иелерінен ақша талап етіп отырған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда алаяқ автокөліктердің нөмірлерін ұрлап, кейіннен оларды қайтару үшін көлік иелерінен ақша талап етіп, бопсалап отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Тараз қаласының 23 жасар тұрғыны анықталған. Автокөліктердің мемлекеттік нөмірлік белгілерін ұрлаумен айналысқан ол ұрлаған заттарын «QIWI» әмиянына 15-20 мың теңге көлемінде төлем түскеннен кейін ғана қайтаруды әдетке айналдырған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінен хабарлады.

«Ол түнде тек шетелдік нөмірлерді, негізінен қырғыз және ресейлік нөмірлерді түсіріп, онымен қалай байланысуға болатындығы туралы ақпараты бар жазбаны қалдырып отырған. Ал ондай жаңа нөмір алу үшін автокөлік иелеріне көрші елге баруға тура келеді. Сондықтан оларға алаяқтың талабымен келісуге тура келген. Көлік иелері шарт талаптарын орындаған, ақша алғаннан кейін ұры Whatsap мессенджері арқылы ұрланған бұйымды жасырған жердің координаттарын жібереді. Іс жүзінде алаяқ өз құрбандарымен байланысқа шықпаған, барлық қарым-қатынас смартфон арқылы жүзеге асырылған», -дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Тараз қаласы ІІБ-нің 1-полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрыны қолға түсірген. Қазіргі уақытта күдіктінің қатысуымен болған төрт ұрлық дәлелденген. 23 жасар азамат өз кінәсін толық мойындады. ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар