Шетелдік миссионерлердің мақсат қандай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Дін қай қоғамда болса да адамгершілік құндылықтарының қайнар көзі ретінде қабылданады. Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Алайда, өркениет қарыштап дамып келе жатқан уақытта түрлі діни көзқарастар, наным сенімдер салтанат құра бастады. Қоғамдағы зайырлылық принциптері де осыған мұрындық болды. Осы орайда неопротестанттық бағыттағы шетелдік миссионерлердің мақсат мұраты жайлы философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Қарлығаш Борбасовамен кездесіп, осы мәселе бойынша әңгіме өрбіттік.

- Інжілдендіруді насихаттайтын ағымдардың мақсат мұраты қандай?

- Інжілдендіруді насихаттайтын ағымдардың қызметтері жалпы алғанда сырттай халықаралық Заң нормаларының шеңберінен шықпайды. Бұл ағымдар дәстүрлі діндердегі құдай туралы, адамның сенімі туралы ілімдерді, жалпы адамгершілік принциптерін негізге алып, біраз өзгертулер кіргізіп жаңа ілім ретінде жариялайды. Баса назар аударатын нәрсе – олардың ілімінде тіл, ұлттық мәдениет, патриотизм мәселелері құндылық болып саналмайды. Құдай алдында барлық адам бірдей, сондықтан оның жерді иемденуі, ұлт болуы, өзіндік ерекшелігінің болуы міндет емес. Мұндай көзқарас егемендік алып, ұлт ретінде өзінің тарихын дәлелдеп жатқан қазақ елінің де, жалпы әлемдегі ешқандай елдің саясатына сәйкес келмейді. Барлық елде гуманистік принципті ұстана отырып, өз ұлтының тілін, мәдениетін, ерекшелігін сақтауға, сонымен қоса оларды дамытуға, қорғауға көңіл бөлінеді. Ал енді евангелизация саясатына келсек, ол - інжілдендіру грек тілінен аударғанда ізгі хабар мағынасын білдіреді. Ізгі хабар халықтарды, жеке адамдарды христиандыққа бағыттайтын қызмет болып табылады. Христиандық ұғымға сәйкес «інжілдендіру», «миссионерлік» деген түсінікті де береді.

- Бұл бағытта қандай діни бірлестіктер жүзеге асырады?

- Інжілдендіруді немесе миссионерлікті Қазақстанда неопротестанттық шіркеулер белсенді түрде жүзеге асырады. Бұл ағымдардың ілімін насихаттаушылар өздерінің уағыздарымен жұрттың жүрегін жылытып, қайғырғанға жұбаныш айтып, жұмыссызға жұмыс беріп, қайырымдылық ас беріп, үмітсізге болашақта бақытты өмірді уәде етумен өз қауымдарына тартып, талмай миссионерлік жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында «Библияны» қазақ тілінде оқытып, Құдайға сыйынуды қазақша жүргізетін «мәсіхшілдердің» шіркеулерінің атауы да сан түрлі. Жаңа христиандықты қабылдаған қазақ «мәсіхшілдер» қауымының тармақтары қаланың барлық аудандарында ресми тіркелген.

- Олардың қызметі заңға еш қайшы келмей ме? Сонда мәсіхшілдер қызметін жария жүзеге асырып жатыр ма?

-Жоғарыда атқанымдай бұл қауымдардың қызметі ашық түрде заңға қайшы келмейді. Бірақ бұл бірлестіктер өз қызметтерін іске асыру үшін кез келген мүмкіндікті қолданады. 2011 жылдан бастап мемлекет діни насихатты тек діни орталық аумағында ғана жүргізуге рұқсат етсе де олар бұл тиымға қарсы өздерінің жасырын қызметтерін жалғастыруда. Мысалы халық көп жүретін қаланың үлкен дүкендерінде, Саяхат автобекеті, орталық базар төңірегінде өздерінің орталықтарына шақыратын парақшаларын таратып жүреді. Онда діни орталықтардың атауы жазылмайды, ағылшын тілін үйренуге, Інжілді оқуға, би үйренуге тағы да басқа жастарды қызықтыратын, ақысыз үйірмелерге шақыратын жарнамалар жазылады. Кейбіреулерінде жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз ету және ол үшін арнайы мамандықтың қажет емес екендігі туралы хабарлама беріледі де соңында орталықтарының мекен-жайын көрсетіп қояды.

-Осындай айла-шарғыларға түсіп қалған адамдар бар ма?

-Әрине, парақшаны оқыған қанша адамның сол ұйымның мүшесіне айналғанын айту қиын бірақ, кейбір студент немесе жұмыс жасайтын жастардың, тіпті ересек адамдардың да жанұясынан кетіп қалуы, үй-жайларынан, бизнестерінен айрылып қалу жағдайлары осы ұйымдардың қызметінің нәтижесі десе болады. Бұл жерде тек парақша таратумен шектелмейтіні түсінікті. Қазіргі ғаламтордың көмегімен Інжілді уағыздаудың қаншама тәсілі бар екенін олардың сайттарынан да көруге болады. Бұның өзі жеке қарастыру керек мәселенің бірі деп ойлаймын. Осындай сайттар мен парақшалардың сілтемелеріне сенген, өздерін мәсіхшіл деп атайтын адамдардың үгіт-насихатына ерген азаматтардың көпшілігі қоршаған ортамен тіл табыспай, туыстарынан, достарынан, әріптестерінен алшақтап рухани жаттсызданып жүреді. Нәтижесінде өз сенімдері үшін ата – аналарынан бас тартқан жастар, балаларын тастап кеткен ата-аналар, мектепке бармайтын, Әнұранды айтпайтын оқушылар біздің қоғамның белсенді мүшелерін көбейтуі әбден мүмкін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар