Шетелдік компанияларға Қазақстанның үздік әскери техникалары таныстырылды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - KADEX-2018 V халықаралық көрмесі аясында өтіп жатқан «ADVANCED DEF TECH» ғылыми-практикалық конференциясында «Қазақстан Инжиниринг» АҚ басшысы Әсет Құрманғалиев қорғаныс-өндірістік кешені (ҚӨК) саласындағы шетелдік мамандарға Қазақстанның үздік әскери техникаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-ның 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. «Қазақстан Инжиниринг» компаниясы үшін көрме маңызды оқиға болып табылады. Дәл осы жерде біз барлық әлеуеттерімізді таныстырып, өз жұмысымызды көрсете аламыз. Әлеуетті серіктестермен кездесіп, ҚӨК саласындағы жаңашылдықтарды байқаймыз», - деді ол.

Әсет Құрманғалиев жиында компанияның жұмысы туралы кеңірек айтып берді.

«Қазақстан Инжиниринг» еліміздің қорғаныс-өндірістік кешені саласындағы холдинг компания болып табылады. Ол бірқатар көлік құрастыру компанияларын біріктіреді. Холдингтің көпсалалы технологиялық базасы өнімді жасаудан бастап, іске қосуды қамтамасыз етуге дейінгі жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әрбір кәсіпорынның өз тәжірибесі бар. Компания өзінің барлық еншілес компанияларында бірыңғай өндірістік, технологиялық, қаржылық және кадрлық саясатты қамтамасыз етеді. Бұл факторлар «Қазақстан Инжинирингтің» әлеуеті мен келешегі барын дәлелдейді», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта компанияның құрамына жиырмаға тарта тәуелді кәсіпорын енеді. «KADEX-2018» V халықаралық көрмесіне компанияға қарасты түгел дерлік кәсіпорындар барлық бағыт бойынша құрлықтағы, авиациялық және теңіздегі қаруландыру  қатысуда.

«Көрмеге қатысушыларға біздің өнімдер қызықты болар деген үміттеміз. Нақтырақ айтқанда, бронды дөңгелекті «Арлан» машинасы, элекронды-оптикалық өнім, тепловизорлар, әскери басқарушы модульдер, катерлер, байланысқа арналған әртүрлі құрылғылар көрмеге қойылды. Бронды техника, соның ішінде жаңартылған Т-72 танкісі, БМП-1, БМП-2, БТР-70 техникалары баршылық. Сонымен қатар, бронды техникаларды жөндеу мен жаңарту жұмысымен айналысамыз», - деді Әсет Құрманғалиев.
null

Әсет Құрманғалиевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы жылдары қорғаныс-өндірістік кешені саласындағы 9 кәсіпорындарға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

«Сөзімді қорыта келе «Қазақстан Инжиниринг» өзінің қорғаныс-өндірістік кешені саласындағы кәсіпорындарын тиімді пайдалануды көздейтінін атап өткім келеді. Біз стратегиялық серіктестердің бәрімен бірге іскерлік және өзара тиімді серіктестікке дайынбыз. Барлықтарыңызды біздің павильонға шақырамын», - деп түйді Әсет Құрманғалиев.

Еске сала кетсек, кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі ашылған болатын. Көрме  26 мамырға дейін жалғасады. Көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін көрмеде ұсынып отыр. Көрмені ұйымдастырушы - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ болып табылады.

Соңғы жаңалықтар