Шетелдік компаниялардың басқа жерге көшуіне қолайлы жағдай жасауға айрықша назар аударуды ұсынамын - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше елдердің жаңа инвестициялық жобаларын ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент қазіргі геосаяси жағдайдың ұзаққа созылатынын және бұған дайын болу керектігін атап өтті.

«Осыған байланысты, біздің ойымызша, интеграциялық бірлестіктің қазіргі жай-күйі мен қажеттіліктеріне жауап беретін Қазақстанның екі бастамасын қарастыруды ұсынамын. Бірінші бастама – 2020 жылғы желтоқсанда біз Одақтың негізгі құжаты – ЕАЭО даму стратегиясын қабылдадық. Оны іске асыру үшін басым салаларда тиімді кооперация мен сауда-экономикалық байланыстарды құру жұмыстары басталды. Енді нақты жобалар мен нақты нәтижелер қажет», - деді Мемлекет басшысы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Ол үшін Президент ЕАЭО-ға мүше елдердің бірлескен жобаларын аяқтауды жеделдету мен жаңа инвестициялық жобаларға бастамашылық жасау керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес қатысушыларына қазіргі жағдайлар мен интеграциялық бірігу үдерісіне сай келетін Қазақстанның екі маңызды бастамасын қарастыруды ұсынды.

«Маңызды жобалар мен нақты нәтижелер керек. Бұл үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірлескен жобаларын тезірек аяқтау қажет, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалар ұсыну керек. Аймақтық және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ете отырып, бизнес саласындағы ықпалдастықты күшейту, трансқұрлықтық дәліздеріміздің жылдамдығын жетілдіру қажет. Санкцияларды ескере отырып, шетелдік компаниялардың басқа жерге көшуі үшін қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударуды ұсынамын. Әлемдік алпауыт елдер де Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің геоэкономикалық орналасу жағынан басымдыққа ие екенін жақсы біледі. Сондықтан 180 миллион тұтынушысы бар нарығымыздың әлеуетін елемеу мүмкін емес. Аталған шараларды 12 айдың ішінде жүзеге асыруды ұсынамын», – деді Қазақстан Президенті.

Бұған дейін Президент ЕАЭО қызмет еткен жылдары Қазақстанның өзара саудасы 33 пайызға, экспорты 55 пайызға артқанын мәлімдеген еді.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев осынау күрделі уақытта «үшінші» елдермен және интеграциялық бірлестіктермен серіктестікті кеңейту мен тереңдетудің маңызы артқанын айтты.



Соңғы жаңалықтар