Шетелдік көлікті заңдастыру неліктен аудан орталықтарында жүргізілмейді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шетелде тіркелген көліктерді заңдастыру акциясы басталғалы 300-ге жуық адам жаңа құжат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелде сатып алынған, бірақ тіркеуден шығарылмаған көліктерге қазақстандық құжат алу үшін міндетті түрде облыс орталығы – Петропавл қаласына бару қажет.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ СҚО филиалының мәліметінше, аудан тұрғындары eGov.kz арқылы автомобильге қатысты мәліметтерді тексеруге өтініш қалдыра алады. Ол үшін облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Оң жауап алғаннан кейін ғана мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына алдын ала жазылу арқылы, заңдастыру рәсімінен өту үшін келеді. Тек осыдан кейін ХҚКО-да техпаспортпен агрегаттар тексеріліп, көлік заңдастырудан өтеді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» СҚО филиалының баспасөз хатшысы Анар Құсанова.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі де осы мәселеге қатысты түсінік берді.

«Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының арнайы ангары бар. Ол жерге бейнекамералар қойылған, яғни автокөлікті тексеру процесі бастан-аяқ жазылады. Жазба сақталады. Сондай-ақ көлікті рұқсат құжаты бар арнайы мамандар ғана тексере алады. Ал аудандарда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан облыс орталығына келіп қана көлікті толық заңдастыру рәсімінен өткізуге болады», - дейді тәртіп сақшылары.

Шетелде тіркелген көліктерді Қазақстанда заңдастырудың бірреттік акциясы басталғалы СҚО-да 809 адам өтініш берген. Соның 291-і қазақстандық нөмір алды.

Қазіргі уақытта Петропавлдағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс қалыпты жағдайда жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін СҚО-да, полицейлердің есебі бойынша, 7 мыңнан астам көліктің заңдастыру рәсімінен өтуі тиіс екенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар