Шетелдік көлікті заңдастыру: ХҚО-да мамандар кеңесі ұсынылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 23 қаңтардан бастап елімізге шетелден жеткізілген автокөліктерді заңдастыру науқаны басталады. Осы орайда көлік иелеріне мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің және Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары консультация жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелдік көлікті заңдастыру үшін өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына барып беруге болады. Ол үшін қызмет көрсету орталықтарында арнайы сектор ұйымдастырылады. Яғни ол жерде тек шетелдік автомобильдерді заңдастыру өтініші мен құжаттар қабылданады», - деді Астана қаласы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Қазбеков баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, автоХҚО-да әкімшілік полиция қызметкері де болады.

«Әкімшілік полицей қажет жағдайда шетелдік көлікті заңдастырудың тәртібі мен ережесін түсіндіреді. Одан бөлек Мемлекеттік кірістер органының қызметкері болады. Аталған маман кедендік төлемдерге қатысты сауалдарға жауап береді», - дейді спикер.

Бұған дейін шетелден әкелінген қандай көліктерді заңдастырудың қажеті жоқтығы айтылды.

Көлікті заңдастырмаған қазақстандықтарға қандай жаза қарастырылғаны да белгілі болды.

Кеше Ішкі істер министрлігінде автокөліктерді заңдастыру үшін қандай құжаттар керектігі, шетелдік көлікті заңдастырудың қанша тұратыны мәлім етілді.


Соңғы жаңалықтар