Шетелдік кәсіпкерге алданған ақтөбеліктер кімнен көмек сұрарын білмей отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы «сақалды құрылыстың» бірі -«Космос» қонақ үйі.

Бас даңғылда орналасқан қонақ үйді қайта салу жұмыстарын «Окси Билд» ЖШС бастаған. Дәл осы серіктестік қаладағы «Юнис сити» тұрғын үй кешенінің де құрылысын жүргізді. Иесі - Армения азаматы Гегам Асрян. Ол екінші дейгейлі екі банктен ірі көлемде несие алып, бар мүлікті кепілге қойған. Қазір қаладағы қонақүй құрылысы тоқтап тұр. Ал «Юнис сити» тұрғын үй кешеніндегі тұрғындар пара алған мемлекеттік қызметкерлердің кесірінен баспанасынан айырылуы мүмкін. Тұрғындар облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтан көмек күтеді. Тақырыпты ҚазАқпарат тілшісі зерттеді.

Ақтөбеде кәсіпкер Гегам Асрянға алданғандардың қатары күн санап артып келеді. Ол металды пластикалық терезе, есік, сантехника мен кірпішке, тіпті, үй ішіне қажетті әрлеу құрылыс материалдарын жеткізушілерге бережақ. Бұл дерек кезекті сот отырысында анықталды.
null  

«Мен 2013 жылы «ОксиБилд» ЖШС-нен екі бөлмелі пәтер сатып алдым. Алғаш кезде пәтер құнының бір бөлігін қолма-қол төлеп, 2016 жылдың мамыр айында бар қарыз өтелді. Кейін облыстық Әділет департаментіне барып, меншік иесі ретінде құжаттарды алғым келді. Мемлекеттік мекеме мамандары «Окси Билд» компаниясының есепшоттары мемлекеттік кірістер басқармасының өтінішімен бұғатталғанын жеткізді. Кейін мән-жайды білмекке «ОксиБилд» ЖШС кеңсесіне бардым. Басшыларының бірі В.Сирота қазан айында шешімін табады деп сендірді. Кейін қылмыстық істің қозғалғаны туралы айтылды»,- дейді «Юнис сити» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Баян Сәрсенбаева.

Пәтерінің техникалық төлқұжатын, несиені өтегенін анықтайтын түбіртектерді қосып, Баян Сәрсенбаева сотқа арыз түсірді. Сот отырысында «ОскиБилд» ЖШС-нен алажақ ақшасы бар 8 жәбірленуші табылды.
null  

«Жеке кәсіпкерлерге, мәселен, пластикалық терезе, кірпішке, тіпті, «Форте банкке» бережақ. Олар сотқа қатысып, өз үлестерін сұрап отыр. Судья М.Жүгінісова компанияның үстінен қозғалған қылмыстық істі алға тартып, меншік иесі құқығын берген жоқ», - дейді Б.Сәрсенбаева.

Ұзақ жылдар бойы ақша жинап, «ОксиБилд» ЖШС-не алданып қалғандар арасында жалғызбасты аналар, зейнеткерлер мен жас отбасылар бар.

«2013 жылы 2 бөлмелі пәтер алдым. «ОксиБилд» ЖШС директоры А. Берденовамен келісімшартқа қол қойылды. Ал несие «Микрокредитная организация КЭШ Кредит» ЖШС арқылы берілді. Директоры Э.Безносюк 5 жылға 10 пайыздық үстемеақымен есептеп, қолыма несие өтеу кестесін берді. Әлі де 1,2 миллион теңге бережағым бар»,- деді Айнұр Байтурина. Оның айтуынша, жауап алу кезінде тергеушілердің айтуымен ақшаны қайтарып алу туралы өтініш жазған.

«Мен үйді 2014 жылы сатып алдым. Мен де үшжақты келісімге қол қойып, 5 миллион 300 мың теңге төледім. Бар болғаны 1,1 миллион теңге несие алдым. Мені 10 пайыздық үстемеақы қызықтырды. Тұрғын үйдің мәселесін биыл қазанда кезекті несиені төлеуге барған кезде естідім. Бұған дейін «ОксиБилд» компаниясының кассасына төлеп жүрген едік. Бізге «тоқтап тұр, алмаймын ақшаны» деген есепші жұмыстан шығып кетіпті. Дәл сол кезде «Санжар групп» ЖШС ауысқанымызды естідік»,- деді тағы бір тұрғын Асанқұл Садықов.

2016 жылдың күзінде «ОксиБилд» ЖШС өз клиенттерін «Санжар групп» серіктестігіне аударып жіберген. Бірақ бұл өзгерістен тұрғындардың басым бөлігі бейхабар. Компаниядағы ауыс-түйістен соң тұрғындар дереу Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мүлікті тексереді. Сол кезде барлық тұрғын үйдің бұғатталғаны анықталады. Бірақ «ОксиБилд» ЖШС-іне бұл кедергі болмай тұр. Кеңсеге барып, мән-жайды білмек болған пәтер иелеріне екінші деңгейлі банктердің біріне ақшасын төлей беруге кеңес берген.
null  

«Басқа банкте біздің есепшотымыз бар, сонда апарып төлеңдер» деп айтты. Келісімшарт жоқ, біз неге төлеуіміз керек?»,- деді А.Садықов.

«Космос» қонақ үйі, «Юнис сити» тұрғын үй кешені істері бойынша бірнеше адам қазір тұтқында отыр. Алғашқы болып қалалық Әділет басқармасының қызметкерлері Альфира Сұлтанова мен Қайырбек Орынбасаров ұсталды. Іс материалдарына сүйенсек, екі қызметкер «ОксиБилд» компаниясының «Форте банкте» тұрған кепілдігін құжаттар базасынан өшіріп тастаған. Бұл қызметтері үшін Әділет басқармасының мамандары пәтер сатып алған.

Облыстық ішкі істер департаменті «ОксиБилд» ЖШС пен «КЭШ кредит» ЖШС қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын растады.

«Қылмыстық іс тергелуде. Бірқатар тұлғаларға қатысты «Қамауға алу» туралы бұлтартпау шарасы қолданылды»,- деп ақпарат таратты. Іс материалдары құпия сақталып отыр.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы да қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. «ОксиБилд» ЖШС басшылары «Микрокредитная организация КЭШ кредит» ЖШС арқылы пәтерлерді сату дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабында қарастырылған қылмыс құрамы белгілерінің болуына байланысты Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқандығы туралы мәлім етемін. Қылмыстық іс бойынша 5 адам ұсталып, соттың қаулысымен қамауға алынды. Қазіргі таңда пәтерлерді сатып алған азаматтардан жәбірленуші ретінде жауаптар алынып, тергеу жүргізілуде»,- деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Н.Сүйіндіков.

Осы қылмыстық іс бойынша «ОксиБилд» ЖШС директоры Әнзия Берденова, «Микрокредитная организация КЭШ кредит» ЖШС директоры Эльвира Безносюк қазір уақытша тергеу оқшаулағышында отыр. Ал негізгі иесі Гегам Асрян шетелде. Ол өз нұсқасын айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұраған. Ашық хатта шетелдік кәсіпкер істің ақ-қарасын ажыратуды сұраған.

 

Іс материалдарына сүйенсек, тұрғын үй құрылысын жүргізіп, сатумен айналысатын «ОскиБилд», «Адал Үміт», «Микрокредитная организация КЭШ кредит», «Санжар групп» серіктестіктері мен Ақтөбе қаласындағы «Космос» қонақ үйі Гегам Асрянға тиесілі. Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатқанмен «Адал үміт» ЖШС-нің пәтері туралы ақпарат сұрап, сатып алу кезінде ақтөбелік тұрғындардан кеңес алып жүргендер әлі бар. Шетелдік кәсіпкерге алданып қалғандар «Юнис Сити» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу өте қауіпті екенін айтты.

Ақтөбеліктер бұл жағдай туралы қала, облыс әкімдеріне айтып, көмек сұрады. Тіпті, өздері арнайы бейнехабарлама жолдады.



Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болса, кезекті есеп беру кездесуі кезінде қала әкімдігі, «Форте банк» пен тұрғындар бір үстел басына жиналып, ортақ шешімге келетінін айтты. Бұған дейін өңір басшысы құрылыс саласын нағыз жемқорлық жайлағанын мәлімдеп, «Космос» қонақ үйінің иесін таба алмайтынын жеткізген еді.

Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. ҚК «Алаяқтық» бабы бойынша қанша адамның тұтқынға алынатыны белгісіз.

 

Соңғы жаңалықтар