Шетелдік инвесторлар «Қазақстан халқына» жарнаны ерікті түрде аударады - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетелдік инвесторлар «Қазақстан халқына» жарнаны ерікті түрде аударады. Бұл туралы бейнебайланыс режимінде өткен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент өз сөзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының құрылғаны жөнінде айтты.

«Кейбір шетелдік инвесторлар арасында Қорға жарна аудару міндетті ме деген сұрақ туындайды. Жарна аудару ерікті түрде жүргізілетінін атап өткім келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуді қорытындылай келе, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалармен қатар, кеңес те өз қызметіндегі тәсілдерді жаңартып отыруға тиіс екенін атап өтті.

«Мен белсенді түрде көмектесуге, негізделген шешімдер қабылдауға дайынмын. Жалпы, мен Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға басымдық беремін. Сіздерден тың бастамалар мен ұсыныстар күтемін. Кеңес өзара ықпалдастықтың, экономиканы әртараптандырудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың шынайы әрі нақты тетігіне айналуы керек», – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Кеңестің келесі 34-ші пленарлық отырысының күн тәртібін жариялады. Алдағы жиын экономиканы декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды енгізу мәселелеріне арналады. Сондай-ақ Президент шетелдік инвесторлардың еліміздегі жұмыстарына қатысты бірқатар өзекті сауалға жауап берді. Жиын барысында Экономика министрі Әлібек Қуантыров, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Citigroup, EY, Exxon Mobil, Chevron, TotalEnergies, Shell, Eni S.p.A., CNPC, Cameco, ArcelorMittal, General Electric және басқа да халықаралық ірі қаржы және бизнес құрылымдарының жетекшілері сөз сөйледі. Кездесуді «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» Ассоциациясының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков жүргізді.


Соңғы жаңалықтар