Шетелдік инвесторлар Алматыға 22,2 млрд доллар инвестиция құйған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы экономикасына салынған шетелдік инвестиция көлемі бір жылда 24% өсті. Бұл туралы бүгін қалада өтіп жатқан «Almaty Invest» жыл сайынғы инвестициялық форумында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға әлемнің бірқатар елінен 500-ге жуық делегат қатысуда.  Олардың арасында белгілі саясаткерлер, қазақстандық және шетелдік бизнес-лидерлер, инвестициялық корпорациялардың, қаржы институттарының және халықаралық ұйымдардың басшылары бар.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бұған дейін өткен форумдар нәтижесінде құны 1 млрд доллар болатын 40-қа жуық меморандумға қол қойылғанын атап өтті.  

Әкімнің айтуынша, оның ішінде құны 400 млн доллар болатын 12 жоба бүгінде жүзеге асырылған.  

«Алматы - экономикасының көлемі 35 млрд доллар болатын Орталық Азиядағы дамыған қалалардың бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қаланың экономикасы 100 есе өсті. Елдің жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігін және салықтардың төрттен бірін Алматы беріп отыр. Шетелдік компаниялар қалаға инвестицияларды белсенді құюда. Соңғы 10 жылда 22,2 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды, соның 3,5 млрд доллары - шетелдік. Биыл инвестициялар көлемі 21% артқан, оның ішінде шетелдік - 24%», - деді Бауыржан Байбек.

Шаһар басшы атап өткендей, бүгінде қала экономикасының 86% сауда мен қызмет көрсету салаларына тиесілі. Мұнда Қазақстандағы ірі компаниялардың үштен бірі шоғырланған.

Сондай-ақ Б.Байбек атап өткендей, қала жергілікті реформаларды іске асыруда жаһандық ұстанымдарға сүйенеді және үздік әлемдік тәжірибелерге, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары мен Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымының стандарттарына бағдарланған. Атап айтқанда,  БҰҰ Даму бағдарламасымен және «Systra» француздық компаниясымен бірлесе көлік реформасы, американдық IDC компаниясымен бірлесе «Smart Almaty» концепциясы жүзеге асып келеді.

Бүгінде Қазақстандағы халықтың 10% Алматыда тұрып жатыр. Алматыда агломерация тұрғындарын қосқанда 3 млн астам адам өмір сүреді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылы халық саны 2 есе артады. Жуық арадағы 15 жылда бізге экономиканың орташа өсімін 5% арттыру міндеті тұр. 700 мыңнан аса жұмыс орнын ашу қажеттігі бар. Келер жылдың басында қаланы дамытудың мастер-жоспарын жасау көзделген. Құжат қоғамдық бақылауда болады. Соған байланысты кез келген алматылық оған қатысты пікірін айта алады.

Соңғы жаңалықтар