Шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр - Ольга Перепечина

Фото: Фото: senate.parlam.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанға тартылған шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр. Бұл туралы Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде бұл салада жақсы көрсеткіштер байқалып отыр. 2022 жылы рекордтық көрсеткіш болды, яғни 28 миллиард АҚШ доллары шамасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең қомақты көрсеткіш», - деді О. Перепечина Сенатта Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымдылығы тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Сонымен қатар, ол сыртқы сауда айналымы қарқынды ұлғайтып келе жатқанын айта келе, былтыр оның деңгейі 134,4 миллиард АҚШ долларына жеткенін және бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 35%-ға өскенін айтты.

«28 миллиард АҚШ доллары (2022 жылы) сомасында инвестиция тартылды. Бірақ, шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына және оны тасымалдау мен өткізуге қатысты инфрақұрылымға бағытталды. Атап айтқанда, бұл үрдіс әлі де жалғасып отыр. Бұл тұрғыда салалық бағытта инвестицияның ең көп ағыны тау-кен өнеркәсібінде байқалды – 12,1 млрд АҚШ доллары. Ал, өңдеу өнеркәсібіне небәрі 5,6 млрд АҚШ доллары түсті», - деді сенатор.

Осы ретте ол Қазақстандағы шетелдік капитал көбіне шикізат өндіруге тартылатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар