Шетелдік еңбек мигранттары есебінен ел бюджетіне 30 млрд теңгеге жуық қаржы түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан бюджетіне 2014 жылдан бері шетелден келетін еңбек мигранттары есебінен 30 миллиардқа жуық теңге түсті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Қазақстанға келетін шетел азаматтары үшін тіркеу рәсімі алынып тасталды. Дегенмен біз бақылауды тоқтатқан емеспіз. Бүгінде елге келген шетелдік қонақ туралы виза порталы немесе «e-Qonaq» жүйесі арқылы көші-қон қызметі хабар беріп отырады. Сондай-ақ, Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттарымен күресте 2014 жылдан бастап енгізілген жүйе өз жемісін беріп жатыр. Яғни, аталған жылдан бастап жеке тұлғаларға елімізде жұмыс істеуге патент беріле бастады. Осы жылдар аралығында еңбек мигранттарына 2 млн-нан астам патент берілді және қайта ұзартылды. Және бюджетке 30 млрд теңгеге жуық салық түсті», - деді Мұрат Баймұқашев ҚР Парламенті Мәжілісінде жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, министрліктің діттеген мақсаты - қазақстандық және шетел азаматтары құқығының бұзылмауы.

«Одан бөлек, 2017 жылы енгізілген заңнамадағы түзетулер шетелден келген азматтарды есепке алу мен олардың көші-қон процесіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. Сол сияқты халықтың ішкі қоныстануының нақты көрінісіне қол жеткіздік. Ол өз кезегінде қала, аудандарды дамытуда объективті жоспарлауға, жолаушылар тасымалы ағынын анықтауға оң әсерін тигізді. Және денсаулық сақтау, білім беру және басқа да халыққа арналған қызметтер үшін елімізге қанша адамның келіп, кетіп жатқаны маңызды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті.



Соңғы жаңалықтар