Шетелдік елшілер Астанаға арнап ән шырқамақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдығына арналған «Happy Birthday, Astana!»  (The diplomats and friends for Аstana) қайырымдылық концертінде шетелдік дипломаттар өз өнерлерін көрсететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Македонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Илия Псалтиров айтып берді.

«Қазақстан астанасының мерейтойын тойлауға арналған үлкен жобаға өз үлесімізді қосқымыз келді. Ойда-жоқта дипломаттардың өнер көрсетуі туралы идея пайда болды, себебі көптеген елшілер мен дипломаттар бос уақытында музыкамен айналысады. Біз дипломатиялық қана емес, музыкалық қабілетіміздің де бар екенін көрсеткіміз келді», - деді ол.

Илия Псалтиров үш тілде шырқалатын «Happy Birthday, Astana!» әнін жазған, бұл ән қайырымдылық кешінде алғаш рет халық назарына ұсынылмақ.

«Македонияда көптеген танымал әншілерге ән жазып бергенмін. Астанаға да өзімнен кейін ерекше естелік қалдырғым келді. Менің мандатым қазан айының соңында аяқталады, бұл - Астанамен қоштасу әні», - деп атап өтті ол.

Илия Псалтиров әнді екі-ақ күнде шығарғанын айтты.

«Астанаға деген махаббат пен алғыс сезімі жүрегімді кернеді. Жақын арада мұндай қаламен, оның тамаша тұрғындарымен қоштасатыным еске түсті. Содан болар, әнді екі-ақ күнде жаздым. Онда Астананы 20 жастағы ару образында көрсеттім. Қазақстандықтарға бұл ән ұнайды деген үміттемін», - дейді дипломат.

Айта кетейік, 9 маусым күні сағат 19.00-де Қазмедиа холлдың Киноконцерт залында «Happy Birthday, Astana!» қайырымдылық концерті өтеді.

Соңғы жаңалықтар