Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Тәжікстан президентінің Астанаға сапары және мұнай экспортынан түскен табыстың артуы

None
None
АСТАНА ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға сапары, екі елдің одақтастық туралы келісімге қол қоюы, сонымен бірге Қазақстанның мұнай экспортының табысы 50%-ға артуы, Франция Сыртқы сауда министрінің Астанаға сапары туралы мақалалар жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Reuters:2022 жылы Қазақстанның мұнай экспортынан түскен табысы 50%-ға өсті

2 мамырда Reuters агенттігі Қазақстанның ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап, еліміздің мұнай экспортынан түсетін табысы 2022 жылы шикі мұнай бағасының өсуіне байланысты 50%-ға артқанын, дегенмен көлемі азайғанын жазады.

«ҚҰСБ мәліметтері бойынша, қазақстандық мұнай экспортының құны 2021 жылы 31 миллиард долларды (65,5 миллион тонна) құраса, 2022 жылы 46,8 миллиард долларға (65,0 миллион тонна) жетті», - делінген мақалада.

Фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

Trend.az:Қазақстан мен Тәжікстан ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы құжатқа қол қойды

Trend.az басылымы 4 мамырда жариялаған мақаласында Астанада Қазақстан мен Тәжікстанның Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасына қол қойылғаны жөнінде жазады.

«Құжатқа Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ресми делегация өкілдерінің кездесуінен кейін қол қойылды. Сөйтіп президенттер Тәжікстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көрсету үшін Қазақстанда Тәжікстан мәдениеті күндерін өткізуге келісті. Сонымен қатар президенттер кездесуінің негізгі бағыттары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту болды», делінген мақалада.

Фото: trend.az

Еске салайық, 3-4 мамыр күндері Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді.

Azertag.az: Президент Ильхам Әлиев: Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнай көлемін көбейту бойынша келіссөздер жалғасып жатыр

3 мамырда Azertag.azагенттігі жариялаған мақалада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнай көлемін ұлғайту бойынша келіссөздер жалғасып жатқанын айтқан пікірі берілген.

Ильхам Әлиев Шушада ADA университетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Үлкен Еуразияның геосаясатын қалыптастыру: өткеннен бүгінге және болашаққа» атты 4-халықаралық конференциясына қатысты. Жиынға қатысқан Әзербайжан президенті: «Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының көлемін ұлғайту бойынша жоспарымыз бар, қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біздің құбыр инфрақұрылымымыздың мұны жасауға мүмкіндігі бар»,- деді Әзербайжан президенті.

Фото: azertag.az

Akipress: Қазақстан мен Тәжікстан одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойды

5 мамырда Akipressагенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, Қазақстан президенті Қасым-Жоомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елдер арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойғанын туралы жазды.

«Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында өтіп отыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар аралығында қазақ-тәжік ынтымақтастығы ғасырлар бойғы достық пен стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дами отырып, айтарлықтай жоғары деңгейге жетті. Екі ел үкіметтерінің сенімді саяси диалогы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарым-қатынастардың мазмұны үнемі жаңарып келеді», - деді Тоқаев Рахмонға арнаған бірлескен мәлімдемесінде», - делінген мақалада.

Фото: akorda.kz

Anadolu Ajansi: Франция Сыртқы сауда министрінің Астанаға сапары екіжақты әріптестікті дамытуға септігін тигізеді – Қазақстан Президенті

2 мамырда Anadolu Ajansiбасылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбіде Францияның Сыртқы сауда министрі Оливье Бештті қабылдап, оның елімізге сапары Астана мен Париждің әріптестігін дамытуға елеулі серпін беретінін айтты деп жазады.

«Бұл сапар көптеген саладағы өзара тиімді ынтымақтастығымызға тың серпін береді деп санаймын. Франция – Еуропадағы ең басты серіктесіміз. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүмкіндігіміз мол екеніне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында»,-делінген агенттік мақаласында.

Фото: akorda.kz

The Sydney Morning Herald:Аустралиялықтар арасында көп танылмаған Азияның футуристік қаласы

Мамыр айының 2-сінде The Sydney Morning Herald басылымында сиднейлік саяхатшы әрі жазушы Бен Грунтуотердің еліміздің бас қаласы Астана жайлы жазған мақаласы жарияланды. Ол өз мақаласында бас қаланың ерекше сәулет өнеріне тоқталып, «Нұр Әлем», «Хан Шатыр», Бейбітшілік сарайы секілді бірегей ғимараттар жайлы әңгімелейді.

«Әлемнің ең ғажайып сәулет орындарының бірі Астанада орналасқанын кім білген? Өз басым ол жаққа бармайынша, білген жоқпын. Қазақстан – таңғажайып жер, онда адамды таңғалдырарлық жерлер өте көп»,-деп жазады саяхатшы.


Соңғы жаңалықтар